Қазақстан Cleantech Days 2024 жаһандық форумында жасыл технологиялар бойынша жүлдегер атанды
6 маусымда Австрияның Вена қаласында Cleantech Days 2024 жаһандық форумы өтті.
Іс-шара қоршаған ортаға зиянсыз шешімдер саласындағы өзекті мәселелер мен қиындықтарды талқылау үшін әлемнің түкпір-түкпірінен таза технологияның жетекші сарапшылары мен өкілдерін жинады. Аталмыш форумға Қазақстан өкілдері де қатысты. Ozen-M стартабы 22 қатысқан форумда екінші орынды иеленді.
Форумда пікірталастар, сарапшылардың презентацияларф, нетворкинг іс-шаралары және инновациялық әзірлемелер көрсетілді. Қатысушылар тұрақты даму стратегияларын, экономиканың түрлі салаларында жасыл технологияларды енгізу перспективаларын, ортақ экологиялық мақсаттарға қол жеткізу үшін үкіметтер мен жеке сектор арасындағы ынтымақтастықтың маңыздылығын талқылады.
Сонымен қатар, Cleantech Days 2024 форумында таза технологиялар саласындағы инновацияларды қаржыландыру, экологиялық тұрақты жобаларды қолдаудағы үкімет пен халықаралық ұйымдардың рөлі, сондай-ақ климаттың өзгеруіне байланысты өзекті мәселелер мен оған бейімделу қажеттілігі талқыланды. Қатысушылар сонымен қатар білім беру және қоршаған орта және тұрақты даму мәселелері бойынша қоғамды ақпараттандыру мәселелерін қарастырды.
Ozen-M стартабынан бөлек Қазақстаннан ұсынылған екінші жоба – Re-Compo ТОП-6 финалистер тізіміне енді.
Ozen-M қандай жоба?
Ozen-M – нақты уақыт режимінде өзендер мен көлдердің жағдайын бақылауға арналған интерактивті картасы бар веб-қосымша. Әзірлеу пайдаланушыларға су ресурстарын тиімді басқару мақсатында негізгі өзен мен оның салаларының ағынын, сондай-ақ өзен бассейніндегі негізгі гидротехникалық құрылыстардың орналасуын схемалық түрде көруге мүмкіндік береді.
Ал финалист болған Re-Compo комбинирленген шырын мен сүт қаптамаларын экологиялық таза құрылыс материалдарына өңдеу жобасын ұсынған.
Айта кетейік, Cleantech Days форумында бүкіл әлемдегі озық технологияның финалистері таныстырылады. Қазақстан бұл форумда финалға бірден көп стартап шыққан ел болды. Біздің елден барлығы 4 жоба қатысты, олардың барлығы GCIP Kazakhstan 2023 акселерация бағдарламасының түлектері және 3 миллион теңге грант иегерлері.
GCIP Kazakhstan – Біріккен Ұлттар Ұйымының Индустриалды Даму Ұйымы (ЮНИДО) және Жаһандық экологиялық қор бастамасымен және Қазақстанда жасыл технологиялар мен инвестициялық жобалардың халықаралық орталығы өткізетін экологиялық таза технологиялар мен кәсіпкерлік саласындағы инновацияларды ілгерілетуге арналған бағдарлама. Қазақстан бағдарлама ұсынылған 16 елдің бірі.