Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Кеше, 17:47

Қазақстан Дина Таңсәріні экстрадициялау бойынша жұмысты жалғастырады

Дина Таңсәрі
Фото: ашық дереккөз

Қазақстан Бас прокуратурасы «НеМолчи.kz» қорының негізін қалаушы Дина Таңсәрі (шын есімі – Динара Смаилова) босатылғанына қарамастан, оны қылмыстық жауапкершілікке тарту үшін экстрадициялау бойынша жұмысты жалғастыратынын мәлімдеді.

 Бұл туралы мекеме ресми түсініктеме берді.

«Қазақстан мен Черногория арасында экстрадиция туралы халықаралық келісім жоқ. Осыған байланысты Смаилованы экстрадициялау туралы сұранымға Черногория тарапынан бас тартылды», – делінген Бас прокуратура хабарламасында.

2023 жылдың соңында Қазақстан ІІМ Интерпол желісі арқылы Дина Таңсәрінің Черногория аумағында жүргенін анықтаған. Осыдан кейін Бас прокуратура Черногорияның құқық қорғау органдарына ресми экстрадиция сұранымын жолдаған.

2025 жылғы 14 сәуірде Таңсәрі Подгорица қаласында ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалған. Келесі күні Черногорияның Жоғарғы соты оны бостандыққа шығарып, паспортын тәркілеген. Сот экстрадиция емес, оған қатысты тергеу барысында қамауға алу шарасын қолдану немесе қолданбау мәселесін қараған.

Черногория мен Қазақстан арасында экстрадиция туралы екіжақты келісімнің болмауы Таңсәріні қайтару процесінің негізгі кедергісі болып отыр. Дегенмен, Қазақстан тарапы Таңсәріні қылмыстық қудалауға тарту әрекеттерін тоқтатпайтынын мәлімдеді.

Дина Таңсәрі не үшін айыпталып отыр?

Динара Смаилова – Қазақстанда тұрмыстық және жыныстық зорлық-зомбылық құрбандарына қолдау көрсететін «НеМолчи.kz» қорының негізін қалаушы. Қазақстан құқық қорғау органдары оны қор қаражатын мақсатсыз пайдаланған деген күдікпен қылмыстық жауапкершілікке тартпақ. Ол бұл айыптарды жоққа шығарып, өзіне қарсы қудалауды саяси астары бар деп бағалаған.

Дина Таңсәрі қазіргі уақытта Черногорияда босқын мәртебесін алу процесінен өтіп жатыр. Бұл мәртебе берілген жағдайда, Қазақстанның экстрадиция туралы сұранымы қабылданбайды. Осыған орай, іс саяси-құқықтық сипатқа ие болып, екі ел арасындағы дипломатиялық қатынас пен адам құқықтары тақырыбындағы халықаралық пікірталастарға әсер етуі мүмкін.

Тегтер: