Қазақстан ЕАЭО елдері арасында сыртқы қарыз бойынша алда келеді

Қазақстан Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) елдері арасында әр адамға шаққандағы сыртқы қарызы ең жоғары мемлекет болып отыр.
Ranking.kz порталының Еуразиялық экономикалық комиссия деректеріне сүйенген есебіне сәйкес, 2024 жылы Қазақстанның жан басына шаққандағы сыртқы қарызы 8,1 мың АҚШ долларын құрады.
Бұл көрсеткіш 2019–2023 жылдар аралығындағы ең төменгі деңгей саналады. Бұған дейін бұл сома 8,7 мың долларға дейін жеткен болатын. Кейінгі бес жылда көрсеткіш бар болғаны 5,2%-ға ғана төмендеген.
ЕАЭО елдеріндегі жағдай
- Армения – $5,3 мың;
- Беларусь – $3,9 мың;
- Қырғызстан – $1,6 мың (Қазақстанмен салыстырғанда 5 есе аз).
Сыртқы қарыздың жалпы көлемі бойынша Ресей көш бастап тұр – 2024 жылы оның сыртқы қарызы $290,8 млрд болды. Бұл елдің сыртқы қарызы соңғы бес жылда 40,8%-ға азайған. Бұған санкциялар мен халықаралық нарықтардан оқшаулану себеп болған.
Қазақстан жалпы көлем бойынша ЕАЭО ішінде екінші орында. 2024 жылы елдің сыртқы қарызы $164,8 млрд болса, 2025 жылдың алғашқы тоқсанында бұл көрсеткіш $170,5 млрд-қа жеткен. Соңғы бес жылда Қазақстанның сыртқы қарызы 3,3%-ға артқанымен, жан басына шаққандағы көрсеткіш азайған. Бұл елдегі халық санының едәуір өсуімен байланысты.
Қарыз құрылымы
2024 жылғы жағдай бойынша Қазақстанның сыртқы қарызының 55,3%-ын немесе $91,1 млрд-ын фирмааралық қарыздар құрайды. Тек 7,8%-ы ғана мемлекеттік қарыз болса, банктерге тиесілі үлес 8% шамасында.
Ал Қырғызстан, Армения және Беларусь секілді елдерде сыртқы қарыздың негізгі бөлігін мемлекеттік басқару органдарының міндеттемелері құрайды – 36%-дан астам.
Қазақстанның негізгі кредиторлары
Ұлттық банктің деректеріне сәйкес, Қазақстан 2025 жылдың 1 сәуіріндегі жағдай бойынша 107 мемлекетке қарыз. Негізгі кредиторлар:
- Нидерланды – $41,8 млрд;
- Ресей – $14,9 млрд;
- Ұлыбритания және халықаралық ұйымдар – әрқайсысы шамамен $14 млрд.
Қай салалар көбірек қарыз тартады?
- Мұнай-газ секторы – сыртқы қарыздың 43,2% немесе $73,7 млрд;
- Қаржы және сақтандыру – 13,9% немесе $23,8 млрд;
Сонымен қатар, қарыз алған салалар қатарында өңдеу өнеркәсібі, мемлекеттік сектор және сауда да бар.