Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 16:51

Қазақстан Газа секторына әскер жібере ме: СІМ түсініктеме берді

СІМ
Фото: СІМ

Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі елдің Газа секторына әскери контингент жіберуі мүмкін деген ақпаратқа қатысты ресми түсініктеме берді. Бұл туралы Kazinform агенттігі хабарлады.

СІМ-нің ресми өкілі Ерлан Жетібаевтың айтуынша, бұқаралық ақпарат құралдарында тараған Қазақстан әскері Газа секторына жіберілуі мүмкін деген мәліметтер нақтылауды қажет етеді.

Бұған дейін кейбір БАҚ-та Қазақстан басқа мемлекеттермен бірге Газа секторына көмек ретінде 7 миллиард доллар бөлуді және әскери күш жіберуді жоспарлап отыр деген ақпарат тараған.

Жетібаевтың сөзінше, Қазақстанның жоспары әскери операцияларға қатысу емес, гуманитарлық көмек көрсетуге бағытталған.

— Кейбір ақпарат құралдарында Қазақстан әскери контингент жібереді деген пікірлер айтылды. Бұл ретте ресми дереккөздерге сүйенуге шақырамыз. Мемлекет басшысы Қазақстан халықаралық тұрақтандыру күштерін қолдауға дайын екенін айтты. Сонымен қатар еліміз далалық госпитальмен бірге медициналық бөлімшелер және азаматтық-әскери үйлестіру орталығының бақылаушыларын жіберуге дайын, - деді ол.

СІМ өкілі бұл тек гуманитарлық бағыттағы миссия екенін атап өтті. Мұндай шешімдер Қазақстан заңнамасына сәйкес қабылданады.

Палестинаға білім гранттары мен азық-түлік көмегі

Қазақстан Газа секторына басқа да гуманитарлық көмек көрсетуге дайын екенін мәлімдеді. Атап айтқанда:

  • азық-түлік гуманитарлық көмегін жіберу;

  • палестиналық студенттерге Қазақстан университеттерінде оқуға 5 жылға 500 білім грантын бөлу;

  • электронды үкімет саласындағы тәжірибемен бөлісу.

СІМ Қазақстанның халықаралық Бейбітшілік кеңесіне мүшелікке кіруі мәселесіне де тоқталды.

Жетібаевтың айтуынша, Қазақстан ұйымға ешқандай қаржылық жарна төлемей қосылған. Ал ұйым жарғысында көрсетілген 1 миллиард доллар көлеміндегі ерікті жарна міндетті талап болып саналмайды.

Тегтер: