Қазақстан халықаралық қоғамдастықтарда: жетістіктері мен болашағы
ХХ ғасырдың басында еліміз нарықтық экономикаға өте бастаған тұста, Қазақстанның мемлекеттік егемендігі, жеке дара тұтастығы жарияланды. Бұл құжат қазақ халқының дүниежүзілік қауымдастық елдері арасында толық және еркін «Мәңгілік Ел» құру жөніндегі асыл арманының жүзеге асуына негіз болды. Бұл – тәуелсіз мемлекет құрудың сан ғасырлық жолын жүріп өткен, тарихи тағдырының алаңдатарлық кезеңдерінен сүрінбей өткен халықтың мызғымас ерік-жігері мен қайратының салтанат құруы.
Түрлі ұлт пен дін өкілдерінің тағдырын тоғыстырған, талай рет қиын қыстау кезеңде болған Ұлы дала олардың шаңырағына айналып отыр. ХХ ғасырдың басында халықтың озық зиялы қауымы өкілдерінің бастамасымен Қазақстан аумағында тұратын барлық этностардың басын біріктіріп, Қазақстанды одан әрі дамытудың саяси тұғырнамасын қалыптастыру мақсатында Алаш автономиясы құрылды. Бұл қозғалыстың жетекшілері Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов болды. Ұлттық тәуелсіздік, саяси еркіндік, қазақ даласының аумақтық тұтастығы – бұл Алаш қозғалысының алғашқы ұраны болды. Алаш үкіметі қазақ мемлекеттілігінің жаңа формацияның жаршысы болды. Оған дәлел ретінде 1986 жылы қазақ жастары алаңға «Алаш» партиясы қайраткерлерінің азаттық, демократиялық идеяларын ту етіп көтеріп шыққанын айтсақ болады. Осы сәттен бастап ел тарихындағы жаңа кезең – Қазақстан халқы Алаш партиясының рухани-саяси идеяларына арқа сүйеп, тұрақты даму, жаңғыру жолына түсті.
1991 жылы алған тәуелсіздігіміз – барша қазақстандықтар үшін ең қасиетті, баға жетпес құндылығы, халықтың ғасырлар бойғы арманы. Небір сыртқы саяси қауіп-қатерлер тұсында топтасып, жұмыла білудің, толеранттылықтың арқасында еліміз мықты мемлекеттілігін қалыптастырды. Әрі мемлекеттілігімізді жарияланғаннан бері еліміз орасан зор белестерді бағындырды. Бұл жетістіктер мен дамудың негізі – елдің саясаты мен көпұлтты мемлекетіміздің татулығы мен береке, бірлігінің арқасында орын алуда.
Қазақстан стратегиялық дамуда тәуелсіздік пен мемлекеттілікті, ұлттық қауіпсіздікті нығайту, халықтың экономикалық-әлеуметтік дамуы, Қазақстан халқының өз болашағына берік сенімі мен әлемдік қауымдастықтағы нық орыны сияқты бағыттарды жоспарына бекіткен. Мемлекеттік рәміздердің қабылдануы, ұлттық дәстерлер мен мәдениетіміздің, діннің ұлықталуы, ұлттық валютаның енгізілуі Қазақстандағы мемлекеттіліктің дамуының ерекше маңызды кезеңдері болып табылады.
Бүгінде Қазақстан дүниежүзілік қоғамдастыққа экономикасы дамыған, қоғамдық-саяси негіздері тұрақты мемлекет ретінде танымал. Әрине, тәуелсіз Қазақстанның басты құндылықтары – ұлтаралық және конфессияаралық келісім, бірлік пен халықтар достығы. Оң тәжірибені одан әрі жетілдіру және елдің бәсекеге қабілеттілігін нығайту мақсатында Мемлекет басшысының бастамасымен бірқатар мемлекеттік бағдарламалар мен жобалар жүзеге асырылуда.
Тәуелсіздік алған 32 жыл ішінде Қазақстан Еуразиядағы негізгі мемлекеттерінің біріне айналды, әрі елдің әлемдік аренадағы ұсыныс-пікірлері әлемдік аренадағы саяси салада айтарлықтай салмаққа ие болды.
Ресей мен Беларусь арасындағы кеден одағы, 2011 жылы Ислам Конференциясы Ұйымына (ИКҰ) Қазақстанның төрағалық етуі тиімді және тұрақты дамудың берік іргетасы болды.
Сондай-ақ 1992 жылдың 2 наурызынан бастап еліміз Біріккен Ұлттар Ұйымының мүшесі атанды. БҰҰ-на мүше болу еліміздің әлемдік шеңберде дамуына, өзге елдермен қарым-қатынас жасап, келісімдер орнатуға тікелей ықпал етті. Күні бүгінге дейін 30 жылдың ішінде Қазақстан БҰҰ-да негізгі көшбасшы мемлекеттердің біріне айналды. Аталған халықаралық ұйымға мүше болу Қазақстанның саяси, экономикалық, экологиялық, әлеуметтік, мәдени-гуманитарлық халықаралық мәселелерді шешуге және әлем елдерімен халықаралық ынтымақтастық орнатуға мүмкіндік берді.
2012 жылы еліміз «Қазақстан – 2030» стратегиясына енгізілген барлық міндеттерді мерзімінен бұрын орындады. Қазақстан әлемдегі бәсекеге қабілетті 50 елдің қатарына және даму деңгейі орташа елдер тобына кіреді. Бұл ретте әлемнің ең озық 30 елінің қатарына кіру мақсатын белгілеген «Қазақстан – 2050» жаңа Стратегиясы қабылданды. Араға жылдар салып Қазақстан демократиялық үрдіс негізінде аймақтық тыныштық пен қауіпсіздікті ұйымдастыратын Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының саммитін өткізуге бастамашы болды. Бұл ретте Саммит алғаш рет Орталық Азия аймағында және бұрынғы КСРО аумағында – Қазақстанның астанасында өтті. Астанадағы ЕҚЫҰ Саммитіне дайындық барысында және форумның өзінде Қазақстан Ұйым жұмысының форматын өзгертетін және кеңейтетін ұсыныстар жасай алды. 1-2 желтоқсанда өткен ЕҚЫҰ Саммиті Қазақстан мен Президент Назарбаевтың халықаралық аренадағы беделін одан әрі нығайта түсетін орасан зор саяси маңызы бар оқиға болды.
Қазақстан ерекше маңызды қоғамдық-саяси және діни оқиғаның – 2003, 2006 және 2009, 2012, 2015, 2018 жылдардағы әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының дүниежүзілік съездері өтетін орынға айналды. Бұл тек еліміз үшін ғана емес, халықаралық маңызы бар, діни әрі этникалық татулықты дамыту мақсатында өтетін ерекше жобалардың бірі. Бұл жобаның елімізде өтуі - алдымен, саяси дивиденттер әкеліп қана қоймай, әлемдік, халықаралық қоғамдастықтағы Қазақстанның беделі мен деңгейінің артуына өте үлкен үлес қосатын сьезд болып табылады.
Қазақстанның үлкен жетістігі – елдің халықаралық аренадағы табысы, оның ішінде еуразиялық экономикалық интеграция, өңірлік экономикалық және саяси көшбасшылық саласындағы бастамалары болып табылады. Қазіргі таңда Қазақстан жетекші халықаралық ұйымдардың – БҰҰ, ЕҚЫҰ, ИЫҰ, ШЫҰ, ТМД, ЕурАзЭҚ, КО, БЭК, ҰҚШҰ, ЭЫДҰ және басқа да мемлекетаралық бірлестіктер мен қоғамдастықтардың мүшесі. Қазақстан Тәуелсіздік алған жылдары әлемнің 180 елімен дипломатиялық қарым-қатынас орнатты, ЕҚЫҰ, ИЫҰ, ЕАЭО, ШЫҰ, ТМД, ҰҚШҰ, АӨСШК, Түркі кеңесі сияқты беделді халықаралық ұйымдарға төрағалық етті.
Сонымен қатар, әлемдегі мықты держава мемлекеттер АҚШ, көршілес Қытай, Ресей, ЕуроОдақ елдерімен сауда-экономикалық серіктес ретінде өзара тиімді қарым-қатынас жасауда. Сондай-ақ әлемнің ірі инвесторларымен елге ауқымды шетелдік инвестиция тартты. Ең ірі инвесторлар – Нидерланды, АҚШ, Швейцария, Франция, Ұлыбритания, Ресей, Италия, Жапония, Бельгия және Канада. Жалпы Қазақстанға 300 миллиард доллардан астам инвестиция құйылды.
Экономиканың түрлі салаларында инвестициялық жобалардың жалпыұлттық пулымен жұмыс жүргізілуде. Бұл әлемнің 30-дан астам еліндегі жалпы сомасы 29,75 трлн теңгелік 850 жобаға қатысты. 130 мың жұмыс орнын құру көзделіп отыр.
Қазақстанға ірі өнеркәсіптік кәсіпорындар мен халықаралық корпорацияларды релокациялау процесі жүріп жатыр. Бүгінгі таңда 62 компания бойынша нақты нәтижелер бар.
2029 жылға дейін кемінде $150 млрд тікелей шетелдік инвестициялар тарту туралы тармаққа қатысты, нысаналы көрсеткіштерге қол жеткізу мақсатында тартылатын ТШИ көрсеткіштерін оң өсу серпінімен жылдар бойынша бөлу көзделіп отыр. Бұл ретте 2023-2026 жылдардағы болжамды көрсеткіштер 2026 жылға дейінгі Инвестициялық саясат тұжырымдамасына сәйкес келеді.
Жыл басынан бері шетелдіктердің қатысуымен жалпы құны $3,7 млрд құрайтын 36 инвестициялық жобаны пайдалануға беру қамтамасыз етілді, елімізде 3,8 мыңнан астам жұмыс орны құрылды.
Қазақстан ұлттық бірегейлікті сақтау мәселесін де тиімді шеше білді. Келесі кез келген елдің негізгі басымдықтарының бірі болып саналатын ұлттық бірегейлікті сақтау мәселесі бізде де өте өзекті мәселе. Себебі бәсекеге қабілетті қолжетімді мәдени ортаны қалыптастыру, шығармашылыққа қолдау көрсету, отбасылық құндылықтарды сақтау және гендерлік кемсітушілікке жол бермеу, экстремизмнің таралуына жол бермеу сияқты негізгі басымдықтарды қарастырады.
Дүниежүзілік қоғамдастыққа интеграциялау жағдайында Қазақстанның гендерлік саясаты қоғамның барлық салаларында ерлер мен әйелдердің құқықтары, жеңілдіктері, міндеттері мен мүмкіндіктерінің теңдігіне қол жеткізуге, сондай-ақ гендерлік кемсітушіліктің барлық нысандары мен көріністерін еңсеруге бағытталған. Бұған қол жеткізу үшін еңбек жағдайларын жақсартуды, жұмыспен қамтудың икемді нысандарын және т.б. қамтамасыз ететін заңнама жетілдірілетін болады, мемлекеттік және бюджеттік жоспарлау жүйесіне гендерлік әсерді бағалау енгізіледі, гендерлік статистика белгіленеді. Кәсіпкерлік қызметке қажетті ресурстардың барлық түрлеріне ерлер мен әйелдердің тең қолжетімділігі қамтамасыз етіледі. Отбасын нығайту, әлеуметтік жетімдіктің алдын алу, жалғыз басты ата-аналарды қолдау, әке институтын нығайту мәселелері мемлекеттік отбасы саясатының негізі болады.
Қазақстан қазірдің өзінде экономикалық, саяси және мәдени байланыстармен әлемдік қауымдастықтың тең құқылы мүшесі болды. Дегенмен, озық халықаралық білім мен тәжірибені игере отырып, ел азаматтарының қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, деструктивті ағымдар идеологиясының мен экстремизмнің таралуына жол бермеу үшін алдын алу шараларын қабылдау қажет.
Сондай-ақ Қазақстанның дамыған озық елдердің қатарына кіру мақсатындағы бағытында елеулі жоспарлардың орындалуы елдің әлемдік аренадағы орны мен ұйымдардағы беделін айқындайды. Ел болашағы үшін кешенді жоспарлар құрылуда. Есептеулер бойынша 2050 жылға қарай Қазақстанда ЖІӨ жан басына шаққанда 12 мыңнан 60 мың АҚШ долларына дейін өседі деп болжам жасалынды. Ол үшін орташа жылдық өсу қарқыны 4,3 % деңгейіне қол жеткізу қажет. Инфрақұрылымдарды жаңғырту мен шағын және орта бизнесті, адами капиталды дамыту, қазақстандықтардың бәсекеге қабілеттілік деңгейін арттыру, инновациялық белсенділікті арттыру сияқты ауқымды міндеттемелер әлемнің дамыған мемлекеттерінің қатарына кіруіне ықпал етеді.