Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 08:25

Қазақстан халықаралық су ұйымын құруды ұсынды

Шу
Фото: «Қазсушар» РМК

Қазақстан халықаралық деңгейде су ресурстарын тиімді басқару және су қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелерін белсенді түрде көтеріп келеді. Бұл бағыттағы бастамалар Біріккен Ұлттар Ұйымы аясында өткен іс-шара барысында таныстырылды.

Қазақстанның Кениядағы елшісі әрі Найробидегі БҰҰ жанындағы тұрақты өкілі Барлыбай Садықов БҰҰ Қоршаған орта хатшылығының брифингіне қатысып, халықаралық су ұйымын құру жөніндегі Қазақстанның бастамасын таныстырды. Ол су ресурстарының экологиялық тұрақтылықпен қатар әлеуметтік және экономикалық дамудағы маңызын атап өтіп, бұл мәселенің жаһандық күн тәртібінде барған сайын өзекті болып отырғанына назар аударды.

Осыған байланысты БҰҰ жүйесін реформалау аясында су ресурстары саласындағы мандатты күшейтіп, қолданыстағы құрылымдарды біріктіре отырып, мамандандырылған халықаралық ұйым құру қажет екенін ортаға салды.

Бұл бастама БҰҰ алаңындағы басқа да іс-шараларда жалғасын тапты. Атап айтқанда, Қазақстанның БҰҰ жанындағы Тұрақты өкілі Қайрат Омаров Дүниежүзілік су күніне арналған «Су және гендерлік теңдік» тақырыбындағы жиында сөз сөйлеп, су ресурстарына тең қолжетімділік мәселесінің әлеуметтік әділеттілікпен тығыз байланысты екенін жеткізді. Сондай-ақ ол көптеген елде әйелдер мен қыздардың су тапшылығының зардабын көбірек тартатынына ерекше тоқталды.

Қазақстан тарапы кейінгі кезде климат өзгеріп, экожүйелер тозып, су ресурстарына түсетін қысым артып келе жатқанын, сол үшін халықаралық ынтымақтастықты күшейту қажет екенін алға тартты. Осы орайда Қазақстан президенті ұсынған БҰҰ қамқорлығымен халықаралық су ұйымын құру бастамасының маңызы ерекше екені сөз болды. Бұл бастама су саласындағы жаһандық басқаруды жетілдіруге, институционалдық тиімділікті арттыруға және күш-жігерді үйлестіруге бағытталған.

Айта кетейік, аталған бастама бойынша алғашқы халықаралық консультациялар 2026 жылы сәуір айында Астана қаласында өтетін Өңірлік экологиялық саммит аясында ұйымдастырылмақ. Қазақстан бұл бағытта БҰҰ-ға мүше мемлекеттерді және халықаралық серіктестерді белсенді диалогқа шақырып отыр.

Яғни Қазақстан су қауіпсіздігі мәселесін жаһандық деңгейде көтеріп, халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған бастамаларын жүйелі түрде ұсынып келеді.

Елназ Қуанқызы

Тегтер: