Қазақстан халқына қаражат жоқ

Осы аптада қоғамдық ұйымдар мен белсенділер президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына үндеу жолдады. Олар «Қазақстан халқына» қорының қызметіне мемлекеттік аудит жүргізуді сұрап отыр.
Еуразиялық пациенттік ұйымдар одағының төрайымы Саида Тәукелованың сөзіне сүйенсек, соңғы кездері қор республикалық комиссияның қорытындысы болса да науқастарды емдеуге қаржы бермей отыр. Қор сирек кездесетін (орфандық) ауруларға шалдыққан науқастарды өмірлік маңызы бар дәрілермен қамтамасыз етуі тиіс болатын. Алайда «қаражат жоқ» деп, өтініштерді қайтарып жатыр.
«Қаражат жоқ деген не сөз? Миллиардтаған қаржы қайда кетті? Қор жыл сайын мемлекеттік және квазимемлекеттік компаниялардан міндетті түрде 7 пайыз көлемінде қаражат жинайды. Сондықтан қор тек құрылтайшыларға емес, қоғамға да есеп беруі тиіс», – дейді Саида Тәукелова.
Тәукелованың сөзінше, қордағы медициналық заттар мен дәрі-дәрмекке қатысты сатып алулар, жеткізушілер туралы ақпарат табу қиын. Өтініштерді мақұлдау критерийлері жарияланбайды. Осыған байланысты белсенділер қор жұмысына мемлекеттік аудит жүргізу керек деп есептейді. Ол үшін ең алдымен, қор қызметін 2022 жылдан бастап тексеру қажет. Екінші, қабылданған және қабылданбаған өтініштер, шешімдер, тендер, жеткізушілер мен бағалар туралы ақпаратты ашық жариялау керек. Үшінші, қордың ішкі мақсаттық қызметін қайта құру қажет. Сондай-ақ Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттікті де тексеруге тарту керек.
«Қазақстан халқына» қоры бұл жеке қор емес. Бұл – халықтың атынан құрылған үлкен ресурс. Қор жұмысының дұрыс атқарылмауы, дәрілердің уақытылы берілмей қалуы, бір күнгі кідірістің өзі баланың өміріне үлкен қауіп төндіреді.
Негізінде, «Қазақстан халқына» қоры осыдан үш жыл бұрын 2022 жылы президент Тоқаевтың тапсырмасымен құрылған. Бұл қордың негізгі міндеті халыққа көмектесу, елді әлеуметтік тұрғыда қолдау, сирек кездесетін дерті бар балаларды дәрі-дәрмекпен қамту болды. Қор ең алғаш құрылғанда Тоқаев бұл қор президенттің, үкіметтің немесе әлдебір мемлекеттік органның қоры емес, халықтың қоры деген. Бастапқыда ол қорға Қазақстанның ауқатты тұлғалары, қаржылық, өнеркәсіптік, банктік топтар жапа-тармағай қаражат аударды. Аталмыш қор құрылғаннан кейін бір жыл ішінде қорға 131 млрд теңгеден астам қаражат түсті. Алғаш қор құрылған кезде «қордың қызметі ашық болады, қоғамға есеп беріп отырады» деп те айтылды. Қордың төрағасы ретінде Қазақстанның қаржы саласында министр де, банкир де болған Болат Жәмішев тағайындалған. Ол бұл қызметте үш жыл отырып, биыл ақпанда орнын Ләззат Шыңғысбаеваға босатып берді.
Қорға тау-кен және шикізат өндірісімен айналысатын ERG компаниясы, KAZ Minerals, «Казцинк», Kazakhmys тәрізді ірі компаниялар, бір сөзбен айтқанда, кезінде экс-президент Назарбаевтың айналасында жүрген бай-манаптардың біразы қаражат аударды. Өйткені қойылған талап солай. Қордың насихаты асқаны сондай, қор құрылған сәтте-ақ көмек сұрап, 40 мыңнан астам өтініш түскен. Ол өтініштердің 40 пайызы – қаржылық көмек көрсету, баспанамен қамту және басқа да қажеттіліктерді өтеу сияқты қор мақсатына сай келмейтін өтініштер болған.
Қорға спорт зал не үшін керек?
Қордың бізге берген есебіне сүйенсек, қор өз қызметінде 104 қайырымдылық бағдарламалар мен жобаларға бастамашы болған. Оның 62-сі аяқталған. Оларды жүзеге асыруға 240 млрд теңге бөлінген. Қазіргі уақытта қорда донорлардың қайырымдылық жарналары есебінен 252 млрд теңге жиналды. Үш жыл ішінде қор жалпы сомасы 186,5 млрд теңгеге қайырымдылық көмек көрсеткен. Бұдан бөлек, жыл сайын «Самұрық-Қазына» қоры «Қазақстан халқына» қоғамдық қорына таза кірістің 7 пайызын аударады. Бұдан 2024 жылы қорға 66,6 млрд теңге түссе, 2025 жылы 50 млрд түседі деп күтілуде. Сондай-ақ «Лотерея және лотерея қызметі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 14-бабына сәйкес «Сәтті жұлдыз» АҚ лотерея операторы 2024 жылы қорға 1,4 млрд теңге жолдаған.
Қордың маңызды бағыттарының бірі – ауыр және орфандық аурулары бар пациенттер үшін дәрілік препараттарды сатып алу болатын. Бұл мақсатта қор 2022–2024 жылдар аралығында 490 азаматты, оның ішінде 371 бала үшін 62,3 млрд теңге сомасына дәрілік заттарды сатып алуға көмектесіп, 38 түрлі дәрі сатып алыныпты. 2023 жылдың қараша айынан бастап 2024 жылдың 31 желтоқсан аралығында қор онкологиялық және онкогематологиялық аурулары бар 1 284 азаматты 14,76 млрд теңгеден астам сомаға дәрілік препараттармен қамтамасыз еткен.
Алайда қордың жұмысын бақылап отыратын «Аналитик» талдау және сараптау орталығының маманы, экономист-сарапшы Марал Төртенова бұл қордың жұмыс істеу тәсілі дұрыс жолға қойылмаған деп есептейді. Капиталы қазір шынымен де азайып тұр. Себебі елдегі олигархтарда қорға қаражат аударатын бастапқыдай қарқын жоқ.
«Биыл «Қазақстан халқына» қоры 25 кітапхананы заманауи жабдықтауға және кітап қорын жаңартуға 797 млн теңге бөліпті. Қор қазір олигархтардан гөрі әкімдіктермен серіктесуге тырыса бастаған. Мәселен, наурыз айында Батыс Қазақстан облысының әкімдігі кітапхана ғимараттарын жөндеуге 197,8 млн теңге қаржы салыпты. Тағы бір мысал, өткенде ғана Қызылордада осы қордың қолдауымен салынатын спорт кешенінің кірпіші қаланды. Мұны да қор мен облыстың әкімдігі бірлесіп орындайды. Жобаны орындайтын мердігер, әкімдік, қор арасында үш жақты келісім болды. Негізінде, осы қор аясында мәдениет, спорт нысандарын салу, көрмелер ұйымдастырудың қажеті шамалы. Бізде мұндай шараларды ұйымдастыратын арнайы министрліктер, басқармалар бар. Спорттық шараларды өткізуге, спорттық кешендерді салуға, мәдениет саласын жетілдіруге, түрлі конференциялар, жиындар ұйымдастыруға бюджеттен онсыз да қыруар қаражат бөлінеді. Сондықтан қордың қаражатын мұндай салаларға жұмсағаннан гөрі, сирек кездесетін дерті бар балаларды емдеуге жұмсаған жөн. Меніңше, бірінші кезекте қиналып жатқан балаларды дәрі-дәрмекпен қамту маңызды болуы қажет», – дейді сарапшы.
Біз бұл сұрақтарды қор өкілдеріне де қойдық. «Жас Алаштың» атынан арнайы е-Өтініш платформасы арқылы «Қазақстан халқына» қорының басшысы Ләззат Шыңғысбаеваның атына арнайы сауал жолдадық. Жауабын күтеміз.
Бюджетке телмірген қордың керегі не?
Рас, ірі кәсіпорындар, бизнесмендер мен мемлекеттік органдар қор құрылған 2022 жылы белсенділік танытқан. Олардың бәрі бірдей сол жылы алғашқы айларда ғана қаражат аударған. 2022 жылдың екінші жартысының өзінде олигархтар қорға қаражат аударғанда белсенділік танытпаған. Осыдан кейін барып 2023 жылы үкімет «Қазақстан халқына» қорына «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры жыл сайын таза табысының 7 пайызын аударып отыруы керек деген шешім шығарды.
Экономист Ілияс Исаев: «Негізінде дамыған елдерде төтенше жағдайлар кезінде бюджет қаражаты ұсталмайды. Себебі ол елдердің үкіметі бюджетті жоспарлағанда төтенше жағдайда қаражат алатын басқа тетіктерді қарастырады. Ал бізде бюджет жоспарланады. Одан кейін су тасқыны, өрт, қуаңшылық, тағы басқа төтенше жағдайлар бола қалса, бірден бюджетке өзгеріс енгізуге тура келеді немесе Ұлттық қордан қаражат алынады. Мысалы, өткен жылы су тасқыны кезінде олигархтар «Қазақстан халқына» қорына 8 млрд теңге аударды. Артынша қор өзі 2 млрд теңге қосып, бұл соманы зардап шеккен аймақтарға бөлді. Бұдан кейін су тасқынының зардабын жою үшін үкімет Ұлттық қордан да, бюджеттен де қаражат алды. Су тасқынынан кейін де қазынада қаражат тапшылығы болып, біраз салалар тарықты. Өйткені ондағы бар қаражатты су тасқынының залалын жоюға жұмсадық. Осындай сәтте «Қазақстан халқына» қоры дұрыс жұмыс істеп тұрғанда бюджетке салмақ түсе қоймайтын еді.
Жалпы, бюджеттен жоспарланбаған қаражат алу экономиканың нашарлауына, бюджеттің тапшылығына апарып соқтырады. Сондықтан «Қазақстан халқына» қорының жұмыс істеу функциясын өзгерту керек. Қордың жұмыс істеу тәсілін кәсібилендіріп, ондағы менеджерлер инвесторлармен серіктестік орнатуға талпынуы тиіс. Қордың қазір аймақтағы әкімдіктермен бірлесіп жобалар жасай бастағаны айтылып жүр. Әкімдіктер де қаражатты бюджеттен алады ғой. Бюджеттің қаражатына телміріп отырған қордың керегі не? Тікелей инвесторлар тартылуға тиіс. Сонда ғана бұл қордың функциясы кеңейеді».
Ал алматылық Жанар Белібаева құрылғалы бері қордан көмек ала алмай жүр. Жанардың қызына сирек кездесетін генетикалық Дюшен миодистрофия диагнозы қойылған. Мұндай ауруға ұшыраған сәбидің бұлшық еттері біртіндеп жансыздана береді. Жанар 2022 жылы «Қазақстан халқына» қорынан балаға шетелге барып ем алуға көмек сұраған. Еміне қажетті сома 60 млн теңге. Ол өзі блогерлерге шығып жүріп 15 млн теңгені жинап қойған. Қор оның осы әрекетін айтып, «шетелге баруға өздеріңіз әрекет жасап жатқандықтан, біз сіздерге көмектесе алмаймыз» депті.
«Олар өтінішіме құлақ аспады. Бюджеттен шетелге емделу үшін квотаны алу үшін бір жыл күту керек. Сонымен блогерлерге айтып жүріп 15 млн теңге жинадым. Соны айтып, баланың барлық құжаттарын алып, қорға бардым. Бірақ бұл қордың есігі бізге жабық. Қызметі қолжетімсіз. Меніңше, бұл қор халықтікі деп құрылғаннан кейін де қор басшысын халық өзі сайлауы керек. Жұмысы халыққа түсінікті әрі ашық болуы қажет. Қазіргідей жұмыс істеу тәсілін Алматыда тұратын біздің өзіміз түсінбей жүрміз. Ал шалғай ауылда қаншама қиналып жатқан балалар бар».
Қордың ұстанымы қызық, расында. Сұрасаң, «ақша жоқ» дейді, өзің әрекет жасап, ақшаның бір бөлігін тапсаң да бәлеге қаласың. Сонда бұл қор кімге арналған? Не үшін құрылған? Спорт зал салу үшін бе? Әкімдіктердің шаруасына ортақтасып, бірдеңе тындырып жатқандай көріну үшін бе? Әлде, о баста Жаңа Қазақстан құрамыз деп жатқанда, билік төңірегінде жүріп байыған олигархтарды сүйкімді көрсету үшін ғана керек болды ма? Сұрақ көп. Ал қорда «қаражат жоқ».
Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ