Қазақстан Иран төңірегіндегі диалогқа араағайын болуға әзір
Қазақстан Иран төңірегіндегі жағдайға байланысты ықтимал келіссөздерді өз аумағында өткізуге дайын екенін мәлімдеді.
Бұл туралы ҚР Сыртқы істер вице-министрі Әлібек Бақаев Таяу Шығыстағы шиеленіске қатысты пікір білдірген кезде айтты.
Оның сөзінше, Қазақстанның ұстанымы өзгермейді: ел үшінші мемлекеттердің ішкі ісіне араласпау саясатын ұстанады.
«Қазақстан үшінші елдердің ісіне араласпау қағидатын бұрын да ұстанды, қазір де ұстанады және болашақта да сол бағыттан таймайды», - деді ол.
Сондай-ақ Астана қақтығысқа қатысушы тараптардың ешқайсысын қолдамайтынын айтты.
«Біз мұндай қақтығыстар халықаралық құқық пен Біріккен Ұлттар Ұйымы Жарғысына сәйкес шешілуі тиіс деп есептейміз. Бұл – біздің тұрақты ұстанымымыз», - деді Бақаев Үкіметтегі брифингте.
Вице-министр Қазақстанның бұған дейін де халықаралық келіссөздерге алаң ұсынып келген тәжірибесі бар екенін еске салды. Егер ресми өтініш түссе, ел диалог ұйымдастыру мүмкіндігін қарастыруға дайын. Әзірге мұндай өтініш келіп түспеген.