Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 17:40

Қазақстан Иранның көрші елдерге шабуыл жасамау туралы шешімін қолдайды

Тоқаев
Фото: Ақорда

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Иран президенті Масуд Пезешкианның Уақытша жетекшілік кеңесінің көрші мемлекеттерге шабуыл жасаудан бас тарту туралы шешімі жөніндегі мәлімдемесін құптайтынын білдірді.

Мемлекет басшысы бұл қадамды Таяу Шығыстағы шиеленісті төмендетуге бағытталған маңызды шара деп бағалады.

Ақорда мәліметінше, Қазақстан қақтығыстарды бәсеңдетуді, сабыр сақтауды және барлық дауларды тек саяси-дипломатиялық жолмен шешуді дәйекті түрде қолдайды.

Айта кетейік, бұған дейін Иран президенті Масуд Пезешкиан мәлімдеме жасады. Ол мәлімдемесінде Иранның шабуылдарынан зардап шеккен көрші елдерден кешірім сұрады.

— Шабуылға ұшыраған көрші елдерден кешірім сұрауымыз қажет. Біздің көшбасшымыз, командирлеріміз және шәкірттеріміз жаудың қатыгез басқыншылығы салдарынан өз өмірін құрбан етті. Біздің қарулы күштеріміз елдің аумақтық тұтастығын қорғау үшін жанын пида етуге дайын. Кей кезде командирлер болмаған жағдайда да олар өз бетінше қажетті шешімдер қабылдап, жерімізді абыроймен әрі күшпен қорғады. Біз көрші елдерге шабуыл жасауды мақсат етпейміз. Бұған дейін де айтқанымыздай, олар – біздің бауырларымыз. Біз олармен қол ұстасып, бейбітшілік пен тұрақтылық орнатуға ұмтыламыз, — деді Иран президенті.

Сондай-ақ Пезешкиан Жоғарғы жетекшінің уақытша кеңесінде бұдан былай көрші мемлекеттер Иранға шабуыл жасамаған жағдайда, нысанаға алынбауы тиіс деген шешім қабылданғанын айтты. Оның сөзінше, мұндай мәселелер дипломатиялық жолмен шешілуі керек.