Қазақстан Израильден азаматтарын эвакуациялауға көмек сұрады
Қазақстан Израиль аумағында жүрген азаматтарын эвакуациялауға көмектесуді сұрады. Бұл туралы ҚР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі ведомство басшысы Ермек Көшербаев пен Израильдің сыртқы істер министрі Гидеон Саар арасындағы телефон арқылы өткен әңгімеден кейін хабарлады.
Министрліктің мәліметінше, тараптар Таяу Шығыстағы қазіргі жағдайды талқылап, екіжақты ынтымақтастықтың өзекті мәселелерін қарастырған.
«Ермек Көшербаев израильдік әріптесінен Израильде жүрген Қазақстан азаматтарын эвакуациялауға жәрдемдесуді сұрады. Ол бұл мәселе Қазақстан үшін ең басты міндеттердің бірі екенін атап өтті», – делінген хабарламада.
Гидеон Саар Израиль тарапы қазақстандықтарды эвакуациялау мәселесін шешу үшін бар күшін салатынын және бұл мәселені жеке бақылауына алатынын айтты.
Бұған дейін Таяу Шығыста қалып қойған қазақстандықтар Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа көмек сұрап жүгінген еді. Олар Қазақстанға күніне тек бір рейс ұйымдастырылатынын және әуежайдағы жағдайдың қиын екенін айтып шағымданған.
Бұған дейін хабарланғандай, Таяу Шығыстан эвакуация басталғалы бері 4700-ден астам қазақстандық елге оралған.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: «ОТ ПЕН ОҚТЫҢ ОРТАСЫНДА ҚАЛДЫҚ»: ИЗРАИЛЬГЕ ЕМ АЛУҒА БАРҒАН ҚАЗАҚСТАНДЫҚТАР ЕЛГЕ ҚАЙТА АЛМАЙ ОТЫР
Айта кетейік, "Жаса Алаш" редакциясына Израильден Қазақстан азаматтары хабарласып, қайта алмай отырғанын жеткізген еді. Егер қаржысы бітсе, далада қалу қаупі бар. «Бізге ең алдымен елге қайту маңызды» дейді олар. Әзірге Сыртқы істер министрлігінен де, Израильдегі елшіліктен де қайран болмай тұрған сыңайлы.
Қазір Израильде бірнеше отбасы ем алып жатыр. Кейбір деректерге қарағанда, бұл елде жүз елуге жуық азаматымыз бар. Қақтығыс жағдайына байланысты олар да елге қайта алмай қалған. Азаматтарымыздың айтуынша, олар жұмыс істеу үшін немесе қыдыру үшін келмеген. Қазақстанда емдеу мүмкіндігі болмаған соң балаларын Израильге алып келген екен. Отадан енді ғана шыққан балаларға ерекше күтім керек, жүруге болмайды. Айналадағы ғимараттарға бомба түсіп, өмірлеріне қауіп төніп тұр. Сондықтан олар тезірек елге қайтқысы келеді. Оның үстіне бұл отбасылар қаржыны да белгілі бір мерзімге есептеп алып келгені белгілі. Израильде пәтер ақысы қымбат. Қазір олар күніне 100 мың мен 200 мың теңге аралығында қаржы жұмсауға мәжбүр. Қаржысы біткен соң далада қалып қоямыз ба деп алаңдайды.