Қазақстан қарақалпақ белсендісіне босқын мәртебесін беруден бас тартты

Белсенді Ақылбек Мұратбайдың сөзінше, Астана соты төменгі инстанциялардағы шешімді өзгеріссіз қалдырып, оған босқын мәртебесін беруден түбегейлі түрде бас тартқан.
«Астана соты алдыңғы инстанциялардағы шешімді күшінде қалдырды – Қазақстан маған босқын мәртебесін беруден түбегейлі түрде бас тартты. Өкінішке қарай, жай-жапсарын айта алмаймын. Мені қолдап, отырысқа келгендерге алғыс айтамын», - деп жазды белсенді Ақылбек Мұратбай.
Оның айтуынша, көптеген елдердің қатаң көші-қон саясатына байланысты басқа мемлекетке кету процесі де оңай болмай отыр.
Айта кетейік, Ақылбек Мұратбай – Өзбекстан азаматы, Қазақстанда он жылдан астам уақыт тұрып келеді. 2022 жылдың шілдесінде Нөкісте өткен наразылықты билік күшпен басып-жаншығаннан кейін қарақалпақ белсенділері өз елінде қуғынға ұшырады. Ақылбек осы оқиғадан соң әлеуметтік желіде қарақалпақтардың жағдайын ашық айтып жүргендердің бірі болды.