Қазақстан қазір Үндістан мен Пәкістаннан өз азаматтарын эвакуацияламайды

Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі Үндістан мен Пәкістан арасындағы қақтығыс жағдайына байланысты қазақстандықтарды эвакуациялау мәселесі қазіргі уақытта қарастырылмайтынын мәлімдеді.
«Қазір мұндай қажеттілік жоқ. Соғыс жоқ, толыққанды әскери әрекеттер жүргізілмейді. Әуе кеңістігі ашық. Яғни, бұл Air Astana қалай бағалайтынына байланысты мәселе. Эвакуация мәселесі тек біздің азаматтарымызға нақты қауіп төнгені белгілі болғанда ғана көтеріледі. Қазіргі уақытта мұндай қауіп жоқ», — деді Қазақстанның Сыртқы істер министрінің орынбасары Ақан Рахметуллин 8 мамыр күні Сенатта өткен брифингте.
Министр орынбасары Пәкістанда Қазақстан азаматтары Үндістаннан көп екенін атап өтті. Дегенмен, барлық қазақстандықтар Қазақстанның Үндістандағы елшілігімен байланыста екенін мәлімдеді.
6 мамыр кешке Үндістан мен Пәкістан бір-біріне зымыранмен соққы жасап, қақтығыс барысында бірнеше адам қаза тапқаны белгілі болды.
8 мамырда қазақстандық Air Astana әуе компаниясы Үндістанға рейстерін тоқтатқанын хабарлады. Бұл шара Үндістан мен Пәкістан арасындағы әуе кеңістігі жабылуына байланысты қабылданды. Air Astana Алматы – Дели – Алматы және Алматы – Мумбай – Алматы бағыттары бойынша рейстерді 8 мамырдан бастап тоқтатып отыр.