Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстан бірігіп су электр станциясын салады
Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстан Қамбар-Ата ГЭС-1 құрылысы мен пайдалану жобасын жүзеге асыру мақсатында акционерлік қоғам құруға ниетті.
Онда қырғыз тарапының жобадағы және жарғылық капиталдағы үлесі 34 пайызды, ал Қазақстан және Өзбекстан жағы 33 пайыздан алады. Үшжақты үкіметаралық келісімнің тиісті жобасы Қазақстан Республикасында «Ашық құқықтық актілер» сайтында жарияланды.
Құжатта «Жоба аясындағы тараптар ынтымақтастығының негізгі қағидаттары Қамбар-Ата ГЭС-1-де өндірілетін электр энергиясының барлық көлемін тараптар анықтаған ұйымдардың кепілдікпен сатып алуы» делінген.
Жоба жүзеге асырылғаннан кейін Қамбар-Ата ГЭС-1 акциялары мен активтері толығымен Қырғыз Республикасының меншігіне өтеді, делінген келісім жобасында.
2023 жылдың қаңтарында үш елдің энергетика ведомстволарының басшылары Нарын өзенінде Қамбар-Ата ГЭС-1 құрылысы жобасын жүзеге асыру бойынша жол картасына қол қойды.
ҚР Энергетика министрлігінің пікірінше, Қамбар-Ата ГЭС-1 Қырғызстандағы ең ірі электр станциясына айналуы тиіс және Орталық Азия мемлекеттерін электр қуатымен қамтамасыз етеді, сонымен қатар аймақтағы сумен қамтамасыз етуді тұрақтандырады.
Қамбар-Ата-1 су электр стансасының құрылысына 5-6 миллиард доллар қажет екені бұған дейін хабарланған болатын.
Қырғыз Министрлер кабинетінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, Ақылбек Жапаров АҚШ-қа сапары барысында халықаралық қаржы донорларымен су электр станциясының құрылысы жобасын талқылайды.
Айта кетейік, Қазақстанның энергетикалық органдары жариялаған мәліметтерге сәйкес, екі мемлекеттің энергетика және су құрылымдары арасындағы келісімдерге сәйкес, өткен жылдың қыркүйегінен биылғы сәуірді қоса алғанда, Қырғызстан Қазақстаннан 1,5 млрд кВт/сағ электр энергиясын алады.
Фото: serke.org