Қазақстан Қытайдан қоғамды бақылайтын интернет технологиясын сатып алды ма?

Жақында InterSecLab зерттеу орталығы Қазақстан билігінің Қытайдың Geedge Networks компаниясынан интернет-бақылау және сүзгіден өткізу жүйелерін сатып алғаны туралы деректерді жариялады. Бұл туралы Vlast.kz жазды.
Geedge Networks құжаттарының 100 мыңнан астамы ашық тарап кеткеннен кейін, бұл ақпарат жария болған. Зерттеушілердің айтуынша, аталған технология билікке:
-
азаматтардың жеке хабарламаларын оқуға;
-
қолданушылардың нақты орналасқан жерін бақылауға;
-
қай сайттарға кіріп-шыққанын, қандай видеолар көргенін, қандай файлдар жібергенін білуге;
-
VPN сервистерін бұғаттауға мүмкіндік береді.
Қазақстан 2019 жылы Geedge компаниясының алғашқы шетелдік клиенттерінің бірі болған. «Қазақстанның киберқалқаны» жобасы аясында технологиялар Қытайдан «TJJ-Company» арқылы жеткізілгені айтылды. Бұған дейін Қазақстанда Ресейдің SORM жүйесіне ұқсас құрылғылар қолданылып жүргені хабарланған еді.
InterSecLab деректері бойынша, жаңа буын бақылау жүйесі енді Қытайдан келген.
Министрліктің жауабы
Бұл ақпарат қоғамда қызу талқы туғызды. Алайда Цифрлық даму министрлігі ҚазТАГ агенттігіне ресми түсініктеме беріп, «Қазақстанның Қытайдың “Ұлы файрволына” қызығушылығы туралы ақпарат шындыққа сәйкес келмейді» деп мәлімдеді.
Дегенмен зерттеу авторлары мен тәуелсіз сарапшылар биліктің халық пен оппозицияны «жаппай тыңдауға және бақылауға» алуға техникалық мүмкіндік алғанын жоққа шығармайды.
Geedge Networks жүйелерін тек Қазақстан ғана емес, Эфиопия, Пәкістан, Мьянма секілді елдер де сатып алған.
«Қазақстанда «еститін мемлекет» тұжырымдамасы үрейлі жалғасын табуда – мемлекет енді бәрін ести алады», – делінген InterSecLab есебінде.