Қазақстан қорғаныс саласына 2,6 млрд доллар жұмсайды
Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі хабарлағандай, 30 шілде күні Аягөз гарнизонының оқу полигонында Т-72 жауынгерлік машинасынан штаттық атыстар жасалды.
Бұл шараға танк құрамасы үшінші танк батальонының танкистері қатысқан. Ондағы басты мақсат – әскери қызметшілердің жауынгерлік дайындығын, практикалық машығын жетілдіру, штаттық қару-жарақтан ату және атысты басқаруды ұйымдастыру дағдыларын дамыту.
Аталған Т-72 танкінің қару-жарағынан жылына екі мәрте штаттық атыс жүргізіледі. Оқу-жаттығуға әскерилер алдын ала дайындалып, танкистер қарудың материалдық бөлігін, табиғатын зерделеп, қауіпсіздік техникасымен, атыс тәртібімен танысады, атыс дайындығы бойынша нормативтерді орындап, жаттығады. Полигонға келгеннен кейін әр экипаж іс-әрекет шаблонының мәні мен тәртібін нақты көрсетеді. Оған қоса, сабақ бағдарламасына нысаналарды қашықтан атып жою жаттығулары, танкке оқ-дәрілер жиынтығын салу және қару-жарақты жауынгерлік жағдайға келтіру бойынша практикалық нормативтерді орындау кіреді. Бұл туралы аталған бөлімнің командирі, подполковник Дастан Мұхамеджанов былай дейді:
«Полигонда танкист нағыз кәсіпқойға айналып, танктің күшін сезінеді. Жауынгерлік машинаның қабілетін іс жүзінде көре алады. Осындай оқу-жаттығу барысында біз әскери қызметшілердің кәсіби біліктілігі мен психологиялық тұрақтылығын бағалаймыз».
Жалпы, қару-жарақты тексеру, түгендеу, атыс жаттығулары тұрақты түрде өтіп тұрады. Себебі қорғаныс қызметінің әскери техникасы мен қару-жарағы елдің қауіпсіздігі үшін аса маңызды. Бүгінде қалыптасқан геосаяси ахуалға байланысты арқаны кеңге салып отыруға болмайды. Соңғы кездері осы бағыттағы жұмыстардың артқанын да байқауға болады. Мәселен, өткен айдың ортасында Астанада арнайы конференция өтіп, онда қару-жарақ пен әскери техниканы дамыту перспективалары талқыланды. ҚР Ұлттық қорғаныс университетінде қару-жарақ пен әскери техниканың қазіргі даму тенденцияларына арналған II халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті. Оған қорғаныс министрлігіндегі бейінді департамент басшылары, ҚР қарулы күштері түрлерінің, қорғаныс-өнеркәсіп кешені кәсіпорындарының, Қазақстан әскери және азаматтық жоғары оқу орындарының, Ресей Федерациясы қарулы күштері Жуков орденді жалпыәскери академиясының және АҚШ-тың Джордж Вашингтон университетінің өкілдері қатысты. Осы жиында ҚР Ұлттық қорғаныс университетінің бастығы, генерал-майор Асқар Мұстабеков былай деді:
«Қару-жарақ пен әскери техниканы дамыту үшін ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды қарқынды жүргізу қажет. Соның негізінде ғылыми-техникалық жұмыстар, жаңа бағдарламалар, өндірістер пайда болады, серпін алады. Бұл өте маңызды екені анық. Өйткені қару-жарақ пен әскери техниканы дамыту мәселелерінде анық болжамымыз болуы үшін ғылыми, техникалық ізденістер артуы шарт».
Тағы да ұшқышсыз авиациялық жүйелерді, экипажсыз кемелерді, зымыран-артиллериялық қару-жарақты, сауытты танктерді, автомобиль техникасын дамытуға және оны қалпына келтіру жағына қатысты мәселелер ортаға салынды. Осы тақырыпқа қатысты сарапшы пікірін білген едік. Әскери техника мен қару-жарақ жайына қатысты мемлекет тарапынан жасалып жатқан қадамдарды зерттеп жүрген Фариза Жолдастың пікірі төмендегідей:
«Іргесі берік елді жау алмайды» деген сөз бар қазақта. Бүгінгі тұтастық пен қауіпсіздік қалай болса да қорғаныс қызметінің деңгейіне байланысты. Сондықтан да әскер құрылымы мен құрамын жаңғырту, жауынгерлік дайындықты жетілдіру, заманауи қару-жарақпен және әскери техникамен жарақтандыру, әсіресе цифрландыру жағына назар аудару, әскери инфрақұрылымды дамыту, әскери қызметтің беделін арттыру жөніндегі жұмыстар кезек күттірместен орындалуы керек. Оған қатысты нақтылы шаралар да қабылданып жатыр. Сонда да бұл бағыттағы жұмыстар мейлінше тез арада және сапалы орындалғаны қадағаланғаны жөн. Мұндай маңызды мәселелерге келгенде салғырттық танытуға болмайды. Өйткені халықаралық стандарттарға сай заманауи қару-жарақпен жабдықталып, кәсіби шеберлігі жоғары жеке құраммен жасақталған, жауынгерлік әзірлігі мен қабілеті жоғары әскердің болуы ұлттық қауіпсіздігіміз бен мемлекет мүддесін сенімді қорғау шарттарының бірі. Соңғы үлгідегі заманауи техникаларға келер болсақ, еліміздің құрлық әскерлері қару-жарақ пен әскери техниканың, жоғары дәлдіктегі қарудың, байланыс, барлау және автоматтандырылған басқару жүйелерінің соңғы шыққан үлгілерімен толық жабдықталған. Оның ішінде қазіргі заманғы электронды барлау және ату жүйелері, жауынгерлік броньды машиналар мен броньды транспортерлер, зымыран-артиллериялық қару-жарағы, ауыр отшашу жүйелері, мобильді байланыс кешендері, отандық радиациялық, химиялық және биологиялық қорғаныс машиналары, жанар-жағармай жеткізу құралдары, далалық госпитальдар және түрлі медициналық техника бар».
Былтырғы есептерге сүйенсек, Қазақстанда құрлықтық күште – 300 танк, 5 200 – бронды тасымалдаушы, 246 – өздігінен жүретін артиллериялық қондырғы, 456 – сүйретілетін артиллериялық қондырғы және 407 – көп реттік зымыран жүйесі бар. Авиациясында – 237 ұшатын техника, оның ішінде – 75 жауынгерлік тікұшақ, 39 – шабуылдаушы ұшақ, 81 – жойғыш, 25 оқу-жаттығу және 17 әскери-көлік ұшағы бар. Бұл бір қарағанда жақсы көрсеткіш іспеттес. Алайда жаһан елдерінің әскери қауқары рейтингін Global Firepower-де Қазақстан 63-орында. Көш басындағы алғашқы 3-орынды АҚШ, Ресей және Қытай өзара бөліскен. Ал қаржы бөлу мәселесі туралы айтар болсақ, рейтингте ТМД елдерінің ішінде Ресей қорғаныс саласына – 82,6 млрд, Украина – 30 млрд, Әзербайжан – 3,1 млрд доллар жұмсайтыны көрсетілген. Ал Қазақстанның – 2,6 млрд доллар, Беларусь – 723,1 млн, Өзбекстан – 692,5 млн доллар қарастырады екен.
Балауса Ділдәбек