Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 12:15

Қазақстан қосылған Ибраһим келісімі деген не?

Авраам келісімі
Фото: White House, Joyce N. Boghosian

 Тоқаев АҚШ-қа ресми сапары жасады. Вашингтонда өткен кездесулер барысында тараптар бірнеше стратегиялық құжатқа қол қойды. Солардың ішінде ең көп талқыланғаны – Қазақстанның Ибраһим  келісіміне қосылуы туралы мәлімдеме болды.

Бұл – Таяу Шығыста бейбіт қатынастар орнатуға бағытталған тарихи дипломатиялық бастаманың жалғасы. Енді Қазақстан да осы процеске қатысушы мемлекеттердің қатарынан орын алды.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың АҚШ сапары аясында екі ел арасында жалпы көлемі 17 миллиард доллардан асатын инвестициялық және сауда келісімдері жасалды. Келісімдер энергетика, цифрлық технологиялар, логистика, минералды ресурстар мен ауыл шаруашылығы салаларын қамтиды.

Сондай-ақ, Вашингтонда өткен ресми кездесуде Қазақстан мен Израиль арасындағы дипломатиялық өзара іс-қимылды нығайту жөнінде құжат қабылданды. Осылайша, Қазақстан "Ибраһим келісімі" деп аталатын халықаралық бейбіт бастамаға қосылған алғашқы Орталық Азия мемлекеті атанды.

"Ибраһим келісімі" деген не?

"Ибраһим келісімі" – АҚШ бастамасымен 2020 жылы қабылданған тарихи дипломатиялық жоба. Ол Израиль мен Біріккен Араб Әмірліктері, Бахрейн, Марокко және Судан секілді елдер арасындағы ресми қатынастарды орнатуға бағытталған.

Бастаманың басты мақсаты – Таяу Шығыс аймағында тұрақтылық орнатып, экономикалық серіктестікті дамыту. Қазақстанның бұл тізімге қосылуы – Вашингтон мен Тель-Авив үшін маңызды саяси және символдық қадам.

Қазақстан үшін пайдасы қандай?

Қазақстанның "Ибраһим келісіміне" қосылуы ең алдымен дипломатиялық беделді арттырады.
АҚШ-тағы сарапшылардың пікірінше, бұл қадам Қазақстанның көпвекторлы саясатының бір бөлігі ретінде қарастырылады. Бұл келісім Қазақстанды Таяу Шығыс пен Батыс елдері арасындағы дипломатиялық көпірге айналдыруы мүмкін.

Дегенмен сарапшылар Қазақстанның бұл шешіміне сақтықпен қарау керегін айтады.
"Ибраһим келісіміне" қосылу – тек бейбіт бастама емес, сонымен бірге геосаяси салмақты құжат Ресей мен Қытай секілді серіктес елдердің реакциясы әлі белгісіз. Сондай-ақ, бұл қадам Араб әлеміндегі кейбір елдер тарапынан әртүрлі пікір тудыруы мүмкін.