Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Кеше, 08:40

Қазақстан құрамасы Дүниежүзілік ойындарға қатысады

1
Фото: Синьхуа

2025 жылғы 7–17 тамыз аралығында Қытайдың Чэнду қаласында өтетін Дүниежүзілік ойындар алдында Қазақстан делегациясы жарысқа қатысатын спортшылармен арнайы кездесу өткізді.

 Ұлттық Олимпиадалық комитеттің бас хатшысы Әлімжан Ақаев пен ҚР туризм және спорт министрлігі Спортты дамыту дирекциясы директорының орынбасары Есет Байтасов спортшылар қалашығына барып, ұлттық құрама мүшелеріне қолдау көрсетті.

Кездесу барысында қазақстандық делегация өкілдері жарысқа қатысушылардың тұру және дайындық жағдайларымен танысып, бірқатар ұйымдастырушылық мәселелерді талқылады. Әлімжан Ақаев спортшыларға сәттілік тілей отырып, олардың жарыс кезінде олимпиадалық құндылықтар мен спорттық этиканы берік ұстанатынына сенім білдірді.

«Дүниежүзілік ойындар – бұл тек жарыс емес, халықаралық ынтымақтастықты, өзара құрмет пен достықты насихаттайтын маңызды алаң. Біздің спортшылар еліміздің абыройын асқақтатып, әділ бәсеке мен кәсібиліктің үлгісін көрсетеді деп сенемін», – деді ҰОК бас хатшысы.

Айта кетейік,Чэнду-2025 Дүниежүзілік ойындарында Қазақстан атынан отыздан астам спортшы қатысады. Олар джиу-джитсу, каратэ, самбо, муай-тай, акробатикалық гимнастика, спорттық құзға өрмелеу, садақ ату және ушу сияқты спорт түрлерінен өнер көрсетпек. Жалпы, биылғы ойындарға 114 елден 4 мыңнан астам спортшы қатысады.

Қазақстан спортшылары бұған дейін де халықаралық ареналарда жоғары нәтиже көрсетіп келеді. Мәселен, Қытайдың Харбин қаласында өткен IX қысқы Азия ойындарында үздік нәтижелерге қол жеткізген отандық спортшыларды қолдау мақсатында үкімет тарапынан 372,6 миллион теңге бөлінген болатын.

Чэнду қаласында өтетін Дүниежүзілік ойындар – Қазақстан үшін тек медальдар алаңы емес, елдің спорттық әлеуетін көрсету мен халықаралық имиджін арттыру жолындағы маңызды қадам. Ұлттық құрама өкілдеріне зор сенім артылып отыр, ал мемлекет тарапынан жасалып жатқан қолдаудың арқасында спортшыларымыз жеңіске жетуге барын салады.

Айта кетейік, Қазақстан Дүниежүзілік ойындарға 2005 жылдан бастап қатысып келеді. Қазақстан спортшылары бұған дейінгі Дүниежүзілік ойындарда (The World Games) бірқатар табысты нәтижелерге қол жеткізген. Бұл жарыстар Олимпиада бағдарламасына кірмейтін спорт түрлерінен өтетін ірі халықаралық дода болып табылады және әр төрт жыл сайын ұйымдастырылады.

Еламан Өмірхан

Тегтер: