Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 09:00

Қазақстан ІІМ экс-вице-министрі миллиондаған дивиденд алды

Пассаж
Фото: ашық дереккөз

«Позитив Недвижимость» жылжымайтын мүлік акционерлік инвестициялық қорының акционерлерінің жалпы жиналысы 2025 жылдың қаңтар–қыркүйек айларының қорытындысы бойынша дивиденд төлеуге 203,455 млн теңге бағыттау туралы шешім қабылдаған.

 Бұл туралы компания хабарлады. Қордың ортақ иелерінің бірі – Қазақстан Ішкі істер министрлігінің бұрынғы вице-министрі Василий Симачев.

Бір жай акцияға шаққандағы дивиденд мөлшері 628,17 теңгені құрады. 

Атап айтқанда:

Қор акцияларының 50%-ына иелік ететін «Позитив Консалтинг» компаниясы – 101,73 млн теңге;

Mercury Properties (25%) – 50,86 млн теңге;

Vector Enterprise (24,99%) – 50,86 млн теңге алды.

«Позитив Консалтинг» компаниясының тең иелері – Василий Симачев пен Нұржан Бекшенов. Олар екеуі бірігіп 101,73 млн теңге дивиденд алады. Василий Симачев – Қазақстан ІІМ-нің бұрынғы вице-министрі. Ал оның бизнес-серіктесі Нұржан Бекшенов 2013 және 2014 жылдары Forbes нұсқасы бойынша Қазақстанның ең бай адамдары тізімінде тиісінше 25-ші және 22-ші орындарды иеленген. Ол кезде оның байлығы 290 млн доллар деп бағаланған.

Vector Enterprise компаниясының жалғыз иесі – Раушан Сағдиева. 2023 жылдың соңындағы мәлімет бойынша, ол «Позитив Недвижимость» акцияларының 24,99%-ына тікелей иелік еткен.

«Позитив Недвижимость» қорының негізгі қызметі – Алматыдағы «Пассаж» сауда орталығындағы коммерциялық нысандарды Arbat Retail компаниясына жалға беру. Бұл компания да қор акционерлерінің ортақ бақылауында. Arbat Retail-дің тең иелері – Mercury Properties, «Позитив Консалтинг» және Раушан Сағдиева.

Қор 2024 жылы 914,4 млн теңге, ал 2023 жылы 728,2 млн теңге таза пайда тапқан. 2024 жылы компания 967 млн теңге көлемінде дивиденд төлеген.