Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 08:30

Қазақстан – Марокко: Рабаттағы кездесуде не айтылды?

1
Фото: turkystan.kz

2025 жылғы 28 ақпан күні Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Марокко Корольдігінің орталығы Рабат қаласына ресми сапармен барды.

 Ол бұл сапарға Марокко сыртқы істер, Африка ынтымақтастығы және шетелде тұратын марокколықтар істері министрі Насер Буританың арнайы шақыруымен барды. Ерекше айта кетерлігі, Нұртілеу екі ел арасындағы ресми қатынас тарихында алғаш рет Рабатқа аяқ басып отыр.

Қазақстан мен Марокко арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнағанына отыз жылдан асты. Атап айтқанда, 1992 жылғы 26-28 мамырда Корольдіктің сыртқы істер министрінің орынбасары Абдель Латиф Мулин бастаған Марокко СІМ делегациясының Қазақстанға жасаған сапары екі ел арасындағы дипломатиялық байланысқа жол ашып берді. Содан бері Африканың солтүстігіндегі мемлекетпен тату серіктес болып келеміз.

Рабаттағы кездесуде дипломаттар екі мемлекет арасындағы саяси диалогты жандандыру, сауда-экономикалық және инвестициялық байланыстарды нығайту, сондай-ақ мәдени-гуманитарлық саладағы серіктестікті кеңейту жөнінде келісімге келді.

Одан бөлек, екі ел энергетика, көлік, ауыл шаруашылығы, цифрлық технология, инновация, білім беру және туризм сияқты салаларда өзара серіктестікті нығайтуға ниетті. Келіссөз барысында Астана мен Рабат арасындағы 30 жылдан асқан тату қарым-қатынасқа оң баға беріліп, мұндай байланысты одан әрі дамыту туралы сөз болды. Осыған байланысты қос тарап шарттық-құқықтық базаны одан әрі жетілдіріп, әртүрлі деңгейдегі өзара сапарды жалғастыра беруге уағдаласты.

«Қазақстан Марокконы Таяу Шығыс пен Солтүстік Африка өңірінде маңызды және жақын серіктес ретінде таниды. 30 жылдан астам дипломатиялық қарым-қатынастар барысында біз ортақ құндылықтарға негізделген мазмұнды саяси диалог құра алдық, сондай-ақ сындарлы парламентаралық өзара іс-қимылды жолға қоя алдық», – деп мәлімдеді ҚР сыртқы істер министрі.

Қазақстан мен Марокко арасындағы тауар айналымы былтыр 70 пайыз артып, 274 миллион АҚШ долларына жеткен. Бұл бір-бірінен біршама шалғайда жатқан екі дамушы ел үшін айтарлықтай үлкен көрсеткіш саналады. ҚР сыртқы істер министрі Қазақстанның Мароккоға қосымша құны жоғары өнімдерді көбірек жеткізуге мүмкіндігі мол екенін жеткізді. Атап айтқанда, Астана дайын мұнай-химия өнімдері, металлургия өнімдері және азық-түлік тауарларын қамтитын 130 миллион доллардың саудасын экспорттауға дайын.

Ал Марокко сыртқы істер министрі Насер Бурита өз кезегінде Қазақстан Орта Азия өңіріндегі көшбасшы мемлекет екенін атап өтіп, Астанамен кең ауқымды мәселелер бойынша серіктестікті нығайтуға ынталы екенін жеткізді. Ол Марокко мен Қазақстанды Солтүстік Африка мен Орта Азия арасындағы қақпа ретінде қарастыратынын айтты.

Қазақстан үкіметі қазір инвестиция тартуға қатты көңіл бөліп отыр. Жақында БАҚ-та елімізге келетін шетелдік инвесторлар екіұдай күйде жүр деген ақпарат шықты. Бұл қуанатын жағдай емес. Мароккоға барған Қазақстан делегациясы мұны естен шығарған жоқ. Сыртқы істер министрі экономиканың түрлі секторларында жұмыс істейтін жетекші марокколық компаниялар өкілдерімен бірқатар кездесу өткізді.

Атап айтқанда, Zine Capital Invest холдингінің президенті Нуреддин Зин, Alomra Group International бас директоры Дрисс Беномар, Cadex Group компаниясының президенті Джавад Юссефи және Anfa Realities компаниясының негізін қалаушы Юнес Эссасимен кездесуде екі ел арасындағы экономикалық және инвестициялық байланыстарды нығайту жайы сөз болды.

Еламан Өмірхан