Қазақстан мен АҚШ арасында 17 миллиард долларлық келісімдерге қол қойылды
Астана мен Вашингтон минералдық ресурстар, энергетика және көлік салаларында жалпы құны 17 миллиард доллар болатын келісімдерге қол қойды.
Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 6 қараша күні АҚШ астанасында өткен «Орталық Азия- АҚШ» (С5+1) форматындағы саммиттен кейін мәлімдеді.
Келісімдердің ең ірілерінің бірі — құны 1 миллиард доллардан астам болатын мәміле. Оның аясында АҚШ Қазақстандағы ірі вольфрам кен орнына қол жеткізеді. Бұл кен орнында әлі өндірістік игеру басталмаған.
Жаңа келісім бойынша америкалық Cove Kaz Capital Group компаниясы қазақстандық серіктеспен бірлескен кәсіпорын құрып, онда 70 пайыздық үлеске ие болады.
Сирек жер элементтері саласындағы серіктестік
Вашингтондағы келіссөздер барысында сирек жер металдарына қатысты ынтымақтастық та талқыланды. Қазақстанның өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев пен АҚШ-тың сауда министрі Говард Латник президент Тоқаевтың қатысуымен стратегиялық минералдар саласындағы өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды.
Бұл құжат АҚШ пен Қытай арасындағы сауда соғысы аясында маңызды рөл атқарады. Қытай бүгінде сирек жер элементтерінің жаһандық нарығында дерлік монополиялық жағдайға ие. Ал АҚШ бұл бағытта балама шикізат көздерін іздеп, Орталық Азияға айрықша назар аудара бастады.
6 қарашада өткен саммитке АҚШ президенті Дональд Трамп және Орталық Азияның бес мемлекетінің басшылары – Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстан президенттері қатысты. Ресми жиыннан кейін Трамп аймақ басшыларын бейресми кешкі асқа шақырды.
Журналистердің сұрағына жауап берген Трамп:
«Кім біледі, келесі жылы Қазақстанға сапар шегуім де мүмкін. Сіздердің елдеріңіз табиғи ресурстарға өте бай», — деді.
АҚШ президенті бұрын-соңды Орталық Азия елдеріне ресми сапармен барған емес.
Алайда соңғы жылдары, әсіресе Ресейдің Украинаға басып кіруінен кейін, аймақтың геосаяси маңызы айтарлықтай өсті.
Биылдың өзінде Орталық Азия елдері басшыларының қатысуымен Қытай, Ресей және Еуропалық Одақ елдері де жеке саммиттер өткізген болатын.
Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев қыркүйекте Нью-Йорктегі БҰҰ Бас ассамблеясы шеңберінде Трамппен кездесіп, оны Самарқанға ресми сапармен шақырған.