09:59, 17 Қазан 2023
Қазақстан мен Қытай маңызды бес құжатқа қол қойысты

Келіссөз барысында тараптар сауда-экономика, мұнай-газ, мұнай химиясы, энергетика, қаржы, көлік-транзит, атом өнеркәсібі, машина жасау, туризм, электронды коммерция және жоғары технология салаларындағы жан-жақты ықпалдастықты дамыту мәселелерін талқылады.
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Си Цзиньпиннің келіссөзі нәтижесінде екі елдің делегация мүшелері бірқатар құжатқа қол қойды, деп хабарлайды Zhasalash.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Атап айтқанда:
- Қазақстан Республикасы Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі мен Қытай Халық Республикасы Даму және реформалар жөніндегі мемлекеттік комитеті арасындағы экономикалық даму саласындағы алмасу және ынтымақтастық жөніндегі өзара түсіністік туралы меморандум;
- Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Қытай Халық Республикасы Үкіметі арасындағы Транскаспий халықаралық көлік бағытын, оның ішінде Қытай-Еуропа қатынасындағы контейнерлік пойыздар үшін дамыту жөніндегі келісім;
- Қазақстан Республикасы Көлік министрлігі мен Қытай Халық Республикасы Даму және реформалар жөніндегі мемлекеттік комитеті арасындағы «Тачэн – Аягөз» теміржолын салу жобасы бойынша ынтымақтастықты бірлесіп дамыту жөніндегі өзара түсіністік туралы меморандум;
- Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Қытай Халық Республикасы Үкіметі арасындағы Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамыту жөніндегі келісім;
- Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Қытай Халық Республикасы Бас кеден басқармасы арасындағы Қазақстан Республикасынан Қытай Халық Республикасына рапсты экспорттау кезіндегі фитосанитариялық талаптар туралы хаттама.