Қазақстан мен Қытай шекараны “кеңейту” жөнінде келісімге келді

Қазақстан мен Қытай делегациялары «Нұр Жолы» – «Қорғас» өткізу бекеттерінде бірлескен инспекция жүргізді.
Тараптар шекарадағы өткізу қатынасын арттыруға уағдаласты. Қазақстан тарапынан делегацияны Мемлекеттік кірістер комитетінің төрағасы Жандос Дүйсембиев, Қытай тарапынан — ҚХР Бас кеден басқармасының министрі Сунь Мэйцзюнь басқарды. Сапар Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау және Қытайға кіру кезіндегі кезектер мәселесін шешу аясында өтті. Сапар барысында тараптар шекараның екі жағындағы инфрақұрылымды қарап, бірқатар шешімдер қабылдады:
-
«Нұр Жолы» – «Қорғас» өткізу пункттері тәулік бойы жұмыс режимін 2026 жылғы 30 маусымға дейін жалғастырады;
-
«Нұр Жолы» арқылы тәулігіне өтетін көлік саны 650-ге жетті, 1 шілдеден бастап бұл көрсеткіш 750-ге, ал қыркүйектен бастап 1000-ға дейін өседі;
-
«Қалжат» арқылы өтетін көлік ағыны 130-дан 250 көлікке дейін артты, маусымда бұл көрсеткіш 300-ге жетеді деп күтілуде;
-
Мамыр айының соңына дейін Қытай Халық Республикасында «Дулаты» бекетінде мобильді тексеру кешені іске қосылады, ал қыркүйек айының соңына дейін «Қорғас» бекетінде тұрақты кешен іске қосылады;
-
Тексеру кешендерінен алынған рентген суреттерін өзара тану келісілді;
-
«Нұр Жолы» бекетін жүктемеден босату үшін көлік ағындарын «Қорғас» арқылы қайта бөлуді жоспарлап отыр;
-
Тараптар «Нұр Жолы» – «Қорғас» өткеліндегі қозғалыс жолақтарын және көпірді кеңейту мүмкіндігін қарастыруда;
-
Шекара қызметтері арасындағы ай сайынғы кездесулер мен үйлестірушілердің тоқсан сайынғы отырыстарын өткізу келісілді.
Министр Сунь Мэйцзюнь «Нұр Жолы» инфрақұрылымын жоғары бағалап, электронды кезек жүйесінің ыңғайлылығын атап өтті.
Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметінше, 2023 жылы Қытаймен шекара арқылы өтетін көлік саны 202 мыңнан 429 мыңға дейін артқан. 2024 жылы бұл көрсеткіш 734 мыңға жетті. 2025 жылдың алғашқы төрт айында 238,5 мың көлік өткен (41 пайызға өскен). Қабылданған шаралар шекарадағы кезектерді азайтуға, транзит көлемін және екіжақты сауда айналымын арттыруға бағытталған.