Қазақстан мен Қытай шекарасында тағы бір теміржол өткелі ашылмақ
Қазір жұмыс істеп тұрған Достық және Алтынкөлдің қатарына Абай облысында Бақты қосылады
Қазақстан мен Қытай арасында жүк тасымалына арналған үшінші теміржол өткелін Абай облысында Бақты – Тачен автомобиль өткізу пункті ауданында салу жоспарланды, деп хабарлады Zhasalash.kz.
Бұл туралы Ашық НҚА порталындағы Үкімет қаулысының жобасынан белгілі болды.
Бақты өткелі Абай облысының Үржар ауданы мен ШҰАА Тачэн округінің Тачэн қаласын байланыстырады. Өткелдің Қытай жағындағы атауы – Покиту.
Бұл мемлекет басшысының тапсырмасы және "Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары" атты Қазақстан халқына Жолдауын орындау мақсатында қолға алынған жоба.
Жаңа теміржол өткелі тәулік бойы жұмыс істейді және халықаралық жүк тасымалын жеңілдетеді.
Қазіргі таңда Қазақстан мен Қытай арасында екі теміржол өткізу пункті (Достық және Алтынкөл) мен бес автомобиль өткізу пункті жұмыс істейді. Олар: Қорғас, Қалжат, Достық, Бақты, Майқапшағай.