Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 09:00

Қазақстан мен көрші елдер ерекше құбылыстың куәсі болды

1
Фото: из открытых источников

2025 жылғы 5 маусым кешкісін Қазақстанның бірқатар қалаларында тұрғындар түнгі аспанды жарып өткен жұмбақ жарық шоғырларын байқады.

Алғашқы видеолар Астана қаласынан тарала бастады. Одан кейін Шымкент, Бурабай, Қарағанды, Петропавл секілді өңірлердің тұрғындары да аспанда бір бағытта жылжыған ерекше нұрды көзбен көріп, бейнежазбалармен бөлісті. Бұл құбылыс Өзбекстан мен Қырғызстан аумағынан да байқалған.

Желіде түрлі болжамдар айтылды: метеорит, ғарыш қоқысы, зымыран қалдығы, тіпті бөгдеғаламшарлықтар. Көпшілік алғашында таңданыспен қарап, қалжың аралас пікірлер жазды. Бірақ құбылыстың шынайы табиғаты көпшілікті мазасыздандырмай қойған жоқ.

Қорғаныс министрлігінің ресми түсініктемесі:

Министрлік өкілдері бұл жағдайға байланысты ресми мәлімдеме жасап, ел аумағында әуе кеңістігі бұзылмағанын хабарлады: «Қазақстан аумағында әуе кеңістігінің бұзылуы тіркелген жоқ. Жағдай құзырлы органдардың бақылауында. Халыққа еш қауіп төніп тұрған жоқ. Бұл — атмосфераға енген ғарыштық денелерге ұқсас құбылыс болуы мүмкін».

Мекеме өкілдері, мұндай объектілер, әдетте, Жерге жетпей, атмосфераның тығыз қабаттарында жанып кететінін атап өтті. Сондай-ақ азаматтарды жалған ақпарат таратпауға және сабыр сақтауға шақырды.

Цифрлық даму министрлігінің болжамы:

Кейін бұл құбылысты ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі де түсіндіріп берді:

«5-інен 6 маусымға қараған түні Астана, Қарағанды, Павлодар, Қостанай және басқа да өңірлердің тұрғындары аспанда жарқыраған нысандарды байқады. Алдын ала деректер бойынша, бұл — орбитадан шыққан ғарыш объектісінің атмосфераға енуі».

Министрліктің мәліметінше, бұл уақытта ғарыштағы қоқыс қозғалысын бақылап отырған халықаралық ұйымдар үш оқиғаны тіркеген. Солардың әрқайсысы аспандағы жарыққа себеп болуы ықтимал:

  1. Қытайлық Zhuque-2 Enhanced зымыранының үдеткіш блогы.
    — Астана уақытымен шамамен 22:40-та атмосфераға кірген. Бұл объект 17 мамырда LandSpace компаниясы ұшырған зымыранға тиесілі. Жану барысында айтарлықтай жарық шығарады. Уақыты мен сипаттамасы бойынша — тұрғындар байқаған құбылыспен ең дәл сәйкес келеді.

  2. STARLINK-1631 спутнигі (SpaceX).
    — Алматы уақытымен 6 маусым, 03:41. Бұл ескі спутниктің орбитадан жоспарлы түрде шығарылған уақыты.

  3. Жапондық H-2A зымыранының үдеткіш блогы.
    — Алматы уақытымен 6 маусым, 00:36-да пассивті режимде атмосфераға енген.

Бүгінде Қазақстан аумағына қандай да бір қалдықтардың құлағаны немесе зардап келгені туралы расталған ақпарат жоқ. Құзырлы органдар бұл құбылысты әлі де зерттеп жатыр.

Мамандардың айтуынша, мұндай ғарыш объектілері, негізінен, Жерге жетпей толық жанып кетеді. Сондықтан тұрғындарға алаңдауға негіз жоқ. Бастысы — тек ресми дереккөздерге сеніп, дүрлікпеу қажет.

Тегтер: