Қазақстан мен Ресей ғарыш айлағы мәселесі бойынша ортақ келісімге келді

Қазақстан мен Ресей "Союз-5" және "Бәйтерек" зымыран тасығыштарын сынақтан өткізу мақсатында арнайы комиссия құру туралы келісімге келді. Бұл шешім екі елдің ғарыш саласындағы стратегиялық әріптестігін тереңдетуге және жаңа буын зымырандарын дайындау мен ұшыру үдерісін үйлестіруге бағытталған.
Ресей үкіметі "Союз-5" зымыран-тасығышын және "Бәйтерек" ғарыш-зымыран кешенін (ҒЗК) ұшыруға дайындық шеңберінде арнайы комиссия құруды көздеп отыр. Бұл туралы құқықтық ақпараттың ресми порталында жарияланған құжатқа сілтеме жасап "Газета" хабарлады.
Құжатқа сәйкес, комиссия 2025 жылы құрылуы тиіс. Оның құрамына Ресей мен Қазақстан тарапынан өкілдер енеді. Бұл қадам қос елдің ғарыш саласындағы ынтымақтастығын үйлестіруге бағытталған. Айта кетейік, бұған дейін, наурыз айында "Роскосмос" мемлекеттік корпорациясы "Союз-5" зымыран-тасығышының бірінші сатысының сынақ үлгісін дайындаған болатын. Жерүсті сынақтар кезінде зымыранның отын мен тотықтырғыш бактары толық сынақ циклынан өтті.
2025 жылдың желтоқсанында "Бәйтерек" бірлескен ғарыш жобасы аясындағы алғашқы сынақтық зымыран ұшыруы жүзеге асырылады. Бұл туралы Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі – Премьер-министрдің орынбасары Мұрат Нұртілеу сәуір айында мәлімдеді. Оның айтуынша, жобаны іске асыруға тартылған мамандар белгіленген мерзімге дейін барлық дайындық жұмыстарын аяқтап, ұшыруды уақытында жүзеге асырады деген үміт бар. "Бәйтерек" кешені Қазақстан мен Ресей арасындағы стратегиялық серіктестіктің маңызды бағыттарының бірі саналады.
Қазақстан мен Ресей "Бәйтерек" зымыран кешенін ұшыру мәселесін алғаш рет 2004 жылы көтерген еді. Сол жылы тараптар Байқоңыр ғарыш айлағында жаңа бірлескен кәсіпорын құру туралы келісімге қол қойды. Жаңартылған деректерге сүйенсек, зымыран кешені 2025 жылдың соңына қарай іске қосылады деп күтілуде.
Еске салайық, бұған дейін сенатор Андрей Лукин Қазақстан Байқоңырды жалға беруші мәртебесінен бас тартып, ғарыш өнеркәсібінің әлеуетті қатысушысы болуға ұмтылуы керегін, яғни Байқоңырды Ресейден қайтару керегін айтқан болатын.