Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
12:15, 16 Шілде 2025

Қазақстан мен ШЫҰ: Тяньцзинь кездесуінің геосаяси салмағы

1
Фото: astanatimes.com

2025 жылдың 15 шілдесінде Қытайдың Тяньцзинь қаласында Шанхай ынтымақтастық ұйымының (ШЫҰ) Сыртқы істер министрлері кеңесінің отырысы өтті.

Бұл – алдағы күзде өтетін Мемлекет басшылары саммитіне дайындықтың басты кезеңі әрі ұйым ішіндегі мүше елдердің ұстанымын нақтылауға арналған стратегиялық алаң. Қазақстан бұл кездесуге Премьер-министрдің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу басқаратын делегациямен қатысты.

ШЫҰ – Еуразия кеңістігіндегі ең ірі саяси-экономикалық және қауіпсіздік ұйымдарының бірі. 2001 жылы негізі қаланған құрылым бүгінгі күні Қытай, Ресей, Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан, Үндістан, Пәкістан және Иранды біріктіреді. Бақылаушылар мен серіктес елдерді қоса алғанда, ШЫҰ-ның ықпалы Еуропадан Үнді мұхитына дейінгі кеңістікті қамтиды. Ұйымның күн тәртібі — қауіпсіздік, терроризмге қарсы күрес, сауда-экономикалық серіктестік, мәдени-гуманитарлық алмасу.

Тяньцзинь отырысы – күзде өтетін Мемлекет басшылары саммитіне дайындықтың түйінді кезеңі ғана емес, ШЫҰ ішіндегі басымдықтардың қайта түзіліп, жаңа бағыттардың белгілену алаңы болды. Қытай СІМ басшысы Ван И-дің төрағалығымен өткен жиында ұйымның бес негізгі векторы ұсынылды: «Шанхай рухын» сақтау (өзара сенім мен теңдік), қауіпсіздікке қарсы бірлескен күрес, сауда-инвестициялық өзара байланыс, көршілес қатынастарды нығайту және халықаралық әділеттілік принциптерін қорғау.

Осы жерде біз үшін ШЫҰ-ның маңызы неде болмақ деген маңызды сұрақ туады. Атап айтар болсақ,  біріншіден, бұл – қауіпсіздік алаңы. Аймақтағы терроризм, діни экстремизм, трансұлттық қылмыс пен есірткі трафигі — Қазақстан үшін тікелей қауіп. ШЫҰ-ның Аймақтық лаңкестікке қарсы құрылымы (АЛҚҚ) шеңберінде атқарылып жатқан бірлескен жаттығулар мен ақпарат алмасу – нақты нәтиже беріп келе жатқан құралдар.

Екіншіден, ШЫҰ – экономикалық серіктестік пен транзиттік әлеуетті арттыру тетігі. Қазақстан Қытаймен, Ресеймен және Оңтүстік Азия елдерімен біріге отырып, Жібек жолының жаңа форматын қалыптастыруға мүдделі. Осы тұрғыда Тяньцзиньдегі кездесу – Орта Азия елдері үшін «бір бағытты көп серіктестікпен» жалғау мүмкіндігін күшейтеді. Қазақстан – континенталдық көпір ретінде өзінің транзиттік әлеуетін тек Батыс пен Шығысқа ғана емес, Солтүстік пен Оңтүстікке де ұсынуға дайын.

Үшіншіден, бұл – саяси баланстың сақталуы. Қазақстан ешқашан блоктық саясатқа бармаған, керісінше, көпвекторлы сыртқы саясатты ұстанып келеді. Астана үшін ШЫҰ-дағы қатысу – Батыс пен Шығыс арасындағы тепе-теңдік құралы. Еуропалық Одақпен, АҚШ-пен тең дәрежелі қатынасты сақтай отырып, ШЫҰ арқылы Қытай, Үндістан, Ресеймен де байланысын нығайту – геосаяси бейтараптықты бекітеді. Бұл ұстаным Қазақстанның сенімді делдал, бейбіт бастамашы, аймақтық тұрақтылықты қамтамасыз етуші ретінде танылуына ықпал етіп отыр.

Отырыста айтылғандай, алдағы саммитке 20-дан астам мемлекет басшылары мен халықаралық ұйым өкілдері шақырылмақ. Қазақстан үшін бұл – өз бастамаларын ілгерілету, АӨСШК реформасы мен Азиядағы қауіпсіздік архитектурасы мәселелерін халықаралық деңгейде қайта қозғау мүмкіндігі. Бұған дейін Астана бірнеше рет ядролық қарусыздану, климат дипломатиясы және азық-түлік қауіпсіздігі тақырыптарында жаһандық форумдарда белсенділік танытқан.

Тяньцзиньдегі отырыс Қазақстан үшін тек сыртқы саясаттағы күнтізбелік шара емес, елдің өңірлік геосаяси орнын нақтылап, ШЫҰ-да өзінің ұстанымын бекіткен кезең болды. Мұрат Нұртілеудің дипломатиялық тілімен айтқанда, «ШЫҰ – тең құқылы, сенімге негізделген ынтымақтастық моделі, ал Қазақстан оның тиімділігін арттыруға үлес қосуға дайын». Бұл сөздер тек декларативті ұстаным емес, Астананың осы бағыттағы тұрақты іс-әрекетінің саяси көрінісі. Ендеше, алдағы саммит ШЫҰ-ның ғана емес, Қазақстанның да халықаралық беделінің жаңа парағын ашады.