Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Кеше, 08:42

Қазақстан мен ТүркияЛиванда бітімгершілік миссиясын бірлесе атқарады

Бітімгерлік әскері
Фото: kazpravda.kz

Биыл 21 мамырда Мажарстан астанасы Будапешт қаласында Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммиті өтіп, оған Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, Венгрия премьер-министрі Виктор Орбан, Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған, Қырғызстан президенті Садыр Жапаров, Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев, Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиеев қатысқан.

«Шығыс пен Батыс тоғысқан тұс» деп аталған жиналыста ұйым мүшелері терроризммен, трансұлттық ұйымдасқан қылмыспен және аймақтағы бейбітшілік пен қауіпсіздікке қатер төндіретін киберқылмыспен бірлесе күресуге ниетті екенін білдірген. Сондай-ақ Қазақстан бітімгерлерінің БҰҰ миссиясына жеке күш ретінде қатысқанына жоғары баға берілген.

Мажарстанда қабылданған декларацияның жалғасындай Түркия мемлекеті мен Қазақстан бітімгершілік саласында бірлесе жұмыс істеуді жоспарлап отыр. Жақында ел үкіметі Қазақстан мен Түркия БҰҰ-ның Ливандағы Уақытша күштері аясындағы бітімгершілік миссиясы бойынша келісімге келуді көздеп отырғанын хабарлады.

Қазақстан Республикасы бейбітшілікті сақтауға бағытталған халықаралық бастамаларын жалғастырып, Біріккен Ұлттар Ұйымының Ливандағы Уақытша күштері (UNIFIL) аясындағы бітімгершілік миссиясына қатысуға ниетті. Бұл жолы біздің ел Түркиямен тығыз ынтымақтастықта әрекет етуді жоспарлап отыр. Жақында Қазақстан үкіметі осы бағытта Түркия Республикасымен Техникалық келісім жобасын мақұлдады.

Аталған құжатта тараптар арасындағы өзара іс-қимылдың негізгі қағидаттары мен рәсімдері белгіленген. Келісімге сәйкес, қазақстандық әскери қызметшілер Ливан аумағында БҰҰ миссиясына қатысып жатқан түрік әскери кемелерінде орналастырылады. Бұл шешім Қазақстанның жаһандық қауіпсіздік пен тұрақтылықты нығайтуға бағытталған көпжақты дипломатиялық ұстанымының тағы бір дәлелі болып отыр.

Келісімге қол қою құқығы премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғаринға берілді. Қаулы өз күшіне енді.

Қазақстан жаһандық бітімгершілік ісінің белсенді қатысушысына айналып келе жатқаны жасырын емес. Қазақстанның БҰҰ аясындағы бітімгершілік бастамалары бірнеше жылдан бері халықаралық қауымдастықтың оң бағасына ие. Біздің еліміздің әскери қызметшілері БҰҰ-ның түрлі миссияларына, оның ішінде Батыс Сахара, Кот-д’Ивуар, Ливан, Мали мен Орталық Африка Республикасы сияқты елдерге қатысып келеді. Қазақстандық бітімгерлер кәсібилігімен және бейбітшілік орнатуға қосқан үлесімен ерекшеленеді.

Айта кету керек, еліміз алғаш рет 2018 жылы БҰҰ-ның Ливандағы миссиясына қатыса бастады. Ол кезде Қазақстан мен Үндістан арасындағы келісім аясында қазақстандық әскери дәрігерлер мен штаб офицерлері бірлесіп қызмет атқарды. Енді Түркиямен жаңа форматтағы әріптестік Қазақстанның бітімгершілік әлеуетін жаңа деңгейге көтермек.

Қазақстан мен Түркия арасындағы әскери ынтымақтастық қарқынды дамып келеді. Бұған дейін екі ел әскери мүлік пен персоналды транзиттеу бойынша келісімге келіп, әуе кеңістігін пайдалануға рұқсат берген болатын. Бұл өзара сенім мен қолдаудың көрсеткіші ғана емес, сонымен қатар аймақтағы тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталған ортақ қадамдардың бір бөлігі.

Жаңа келісім – Қазақстанның бейбітшілікті нығайтудағы жаһандық рөлін айқындай түсетін маңызды қадам. Елдің әскери құрылымдарының халықаралық деңгейде әрекет ету мүмкіндіктері артып, ұлттық қауіпсіздікпен қатар, әлемдік тұрақтылықты қамтамасыз етуге үлес қосуы – Тәуелсіз Қазақстанның беделінің артуының бір көрінісі.

Айта кетейік, Қазақстанның Ливандағы бітімгершілік миссиясы – еліміздің Біріккен Ұлттар Ұйымы (БҰҰ) аясындағы халықаралық қауіпсіздік пен бейбітшілікті қолдауға бағытталған маңызды қадамдарының бірі. Бұл миссияға Қазақстан алғаш рет 2018 жылы қатыса бастады. Бұл ҚР Қарулы күштерінің тарихында БҰҰ аясында жүзеге асырылған алғашқы толыққанды бітімгершілік операциясы болды.

Қазақстан бұл миссияға Үндістанмен бірлескен батальон құрамында қатысқан болатын. Бұл формат «қабаттасқан бөлімше» (nested platoon) түрінде жүзеге асты: қазақстандық взвод үнді батальонының құрамында қызмет атқарды. Құрамында 120 әскери қызметші болған алғашқы қазақстандық бітімгершілер контингенті БҰҰ-ның бақылауындағы Ливан аумағына жіберілген еді. Ал қазір Қазақстан бітімгерлері БҰҰ аясында жеке контингент ретінде қатысып жүр.

Елназым Қуанқызы

Тегтер: