Қазақстан мұнайы Новороссийскте тұрып қалды: Ресей шетелдік кемелерге тыйым салды

Қазақстан мұнайын Ресейдің Қара теңіз жағалауындағы екі ірі порт — Новороссийск пен Южная Озереевка арқылы тасымалдау уақытша тоқтатылды.
Бұл туралы Reuters агенттігі хабарлады.
Басылымның мәліметінше, мұнайды Каспий құбыр консорциумы (КТК) арқылы экспорттауға шектеу қойылды. Бұл консорциум — Қазақстан мұнайын экспорттаудың негізгі арнасы. Аймақтағы жүк тиеу туралы деректерге сүйене отырып, Reuters Қазақстан және Ресей мұнайының Новороссийск порты арқылы экспортталуының шектелуі жаһандық мұнай жеткізілімінің 2 пайызынан астамына әсер етуі мүмкін деп есептейді.
Шектеулер Еуроодақтың Ресейге қарсы жаңа санкциялар енгізуінен кейін бірнеше күннен соң пайда болды. Бұл шаралар Каспий құбыр консорциумының жұмысына да кедергі келтіріп отыр.
Дүйсенбі күні Путин шетелдік кемелердің ел порттарына кіруі үшін ФСБ-дан арнайы рұқсат алуы қажет екенін бекіткен заңға қол қойды. Жаңа тәртіп бойынша, порт әкімшіліктерінің рұқсаты Ресей Федералдық қауіпсіздік қызметімен (ФСБ) келісілген болуы тиіс. Бұл ережелер жаряланған сәттен бастап күшіне енді.
Reuters дереккөзі бұл жағдай алдағы бір-екі күнде шешілуі мүмкін екенін мәлімдеді.
2024 жылдың тамызында Қара теңіздегі КТК терминалынан экспортталатын Black Sea CPC Blend мұнайы тәулігіне 1,66 миллион баррель немесе шамамен 6,5 миллион тоннаны құрауы тиіс болған. Бұл шама шілде айындағы жоспармен салыстырғанда айтарлықтай өзгермеген. Салалық дереккөздердің мәліметінше, шілдеде Новороссийск арқылы шамамен 2,2 миллион тонна мұнай экспортталған.
Сондай-ақ шілдеде КТК «Теңіз – Новороссийск» мұнай құбырының жоспарлы 12 сағаттық тоқтатылуы кезінде магистральді шарлы крандар, энергетикалық және механикалық құрылғылар, өлшеу құралдары мен автоматика, байланыс жабдықтары сияқты жүйелерге техникалық қызмет көрсетілгенін хабарлады. Мұндай жоспарлы техникалық жұмыстар жүйелі түрде жүргізіліп отырады және олар тек мұнай айдау станциялары мен құбырлары толық тоқтатылған кезде ғана орындалады.