Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 16:48

Қазақстан мұнайын тасымалдаған екі танкер дрон шабуылына ұшырады

1
Фото: ашық дереккөз

Қазақстаннан экспортталатын мұнайды тасымалдауға арналған екі мұнай танкері Каспий құбыр консорциумы (КҚК) терминалы маңында дрондар шабуылына ұшырады.

Бұл туралы Reuters алты дереккөзге сілтеме жасап хабарлады.

Агенттік мәліметінше, оқиға Қазақстан мұнайының шамамен 80 пайызы өтетін КҚК инфрақұрылымы орналасқан аумақта болған. Шабуылға ұшыраған кемелердің бірі — Delta Harmony танкері. Ол грек компаниясы Delta Tankers басқаруында және Теңізшевройл консорциумы өндірген мұнайды тиеуі тиіс болған.

Екінші кеме – Matilda танкері. Ол Thenamaris компаниясының басқаруында. Reuters дереккөздерінің айтуынша, бұл танкер Қарашығанақ кен орны мұнайын тиеуді күтіп тұрған.

Зардап жоқ, бірақ қауіп сейілген жоқ

Thenamaris компаниясының өкілі Reuters агенттігіне Matilda танкеріне екі дрон тигенін растады. Оның айтуынша, кеме КҚК терминалынан шамамен 30 теңіз милі қашықтықта, балласт күйінде тұрған. Шабуыл салдарынан зардап шеккендер жоқ, палубалық құрылымдарға аздаған зақым келген. Бұл зақымдар жөнделеді. Қазіргі таңда кеме қауіпті аймақтан шығып үлгерген.

Ал Delta Tankers компаниясы ресми түсініктеме бермеген.

Теңіз қауіпсіздігі саласындағы екі дереккөз Reuters-ке кемелердің бірінде өрт шыққан болуы мүмкін екенін, алайда оның жедел түрде сөндірілгенін мәлімдеді. Ал Каспий құбыр консорциумы шабуылға қатысты түсініктеме беруден бас тартты.

КҚК мұнай құбыры Қазақстан мұнайын Қара теңіздегі "Южная Озереевка" терминалы арқылы экспорттайды. Бұл терминал Новороссийск маңында орналасқан. Бұған дейін Қазақстанның Энергетика министрлігі КҚК қуаттары арқылы мұнай жөнелту қазіргі таңда тек бір ғана сыртқы айлақ құрылғысы арқылы жүзеге асырылып жатқанын хабарлаған.