Қазақстан Орталық Азияда әскери қуаты жағынан көшбасшы мемлекетке айналды
Қазақстан Орталық Азия елдері арасында әскери қуаты жағынан көшбасшыға айналды. Еліміз Өзбекстанды басып озып, аймақта бірінші орынды иеленді.
Қазақстан Global Firepower порталы жариялаған ең қуатты армиялар рейтингінде бір сатыға көтеріліп, әскери қуаты жағынан Орталық Азиядағы барлық көршілерін басып озды.
Негізгі әскери көрсеткіштер бойынша еліміздің жетістіктері атап өтілген. Атап айтқанда, Қазақстан зымыран тасығыштарының саны бойынша әлемде 17-орында (407 бірлік), өздігінен жүретін артиллерия саны бойынша 21-орында. Елдің қорғаныс бюджеті 2 миллиард долларға бағаланған. Қатардағы әскери қызметшілер саны – 110 мың адам.
Ал, осы уақытқа дейін көшбасшы болған Өзбекстан рейтингте 58-орынға жайғасты. Бұл ел әскери тікұшақтардың саны бойынша әлемде 23- орында (34), өздігінен жүретін артиллериялық қондырғылар саны бойынша (147), белсенді әскери қызметшілер саны бойынша (48 мың) 75- орында. Елдің қорғаныс бюджеті 2,8 миллиард долларға бағаланған.
Рейтингте Түркіменстан 77-ші, Қырғызстан 105-ші, Тәжікстан 108-ші орында тұр.
Ең қуатты армиялар рейтингінде бірінші орында АҚШ тұр, екінші орында Ресей. Одан кейін Қытай, Үндістан және Оңтүстік Корея. Түркия, Жапония және Франция да үздік ондыққа енген. Соңғы орынды Бутан иеленді.