Қазақстан Орталық Азияның сауда хабына айнала ма?!
Бүгінде Қазақстанның Орталық Азия елдерімен сауда айналымы 42 пайызға өсіп, тауар айналымы 63 млрд долларға жетті. Алдағы уақытта бұл көрсеткішті 51 пайызға жеткізу жоспарланып отыр.
Ол үшін, əрине, шекара маңындағы сауданы жандандыру маңызды. Осы арқылы Қазақстанды Орталық Азияның сауда хабына айналдыру жоспарымызда бар. Ал енді Қазақстан Азия аймағындағы сауда көрігін қыздыру үшін не істеу керек?! Осы тарапта отандық кəсіпкерлерге қандай жағдайлар жасалынғаны жөн.
Қазақстан қазір бұл бағытта қырғыз жəне өзбектермен нақты серіктестік қадамдар жасап отыр. Мəселен, қазақ-өзбек шекарасында «Орталық Азия» халықаралық өнеркəсіптік орталығының жобасы жəне сауда логистикалық орталығының кешені іске қосылды. Тəжікстанмен көтерме сауда орталықтарын құру туралы келісім бар. Түркіменстанмен астық терминалын бірлесіп салуды жоспарлап отыр. Сондай-ақ транскаспий арқылы сауданы дамыту да көзделген.
Жеңіл өнеркəсіптің ауыр жүгі
Мамандар Қазақстанды сауда хабына айналдыру үшін шикі мұнай, астық саудасы, ет жəне ет өнімдері, көкөніс, тағы басқа да өнімдерден бөлек отандық жеңіл өнеркəсіп тауарларын саудаға шығаруды дамыту керектігін айтады. Мəселен, бүгінде біздің əмбебап базарларымызда Қырғызстанның киім-кешегі, Қытайдың, Ресейдің тауарлары толып тұр. Олар сол арқылы саудаларын қыздырып, қазыналарын толтырып жатыр. Сондықтан біздің де жеңіл өнеркəсіп тауарларының Еуропаға, Азияға шығуына мүмкіндік жасалғаны жөн. Жеңіл өнеркəсіптің үлесі АҚШ, Германия, Қытай, Түркия секілді елдерде ЖІӨ-нің 15-22 пайызын құраса, Қазақстанда бұл көрсеткіш 1,5 – 2 пайыз.
«Егер біз Қазақстанның сауда хабына айналуын қаласақ, жеңіл өнеркəсіп саласының дамуына мəн бергеніміз абзал. Ол үшін əсіресе шекаралық аймақтарда бұрынғы «АХБК» тəрізді мақта-матадан киім тігетін өндіріс орындарын құру қажет. Осы орайда арнайы мамандар дайындалып, оларды кəсіптік техникалық училищелерде оқытып, тігіншілікке даярлап, осы жұмыстарды жетілдіргеніміз жөн», – дейді экономист-сарапшы Марал Төртенова.
Маманның айтуынша, жеңіл өнеркəсіптің ауыр жүгін жеңілдетуге үкіметтің күш қауқары жетеді. Бұл ретте жергілікті əкімдіктердің де жауапкершілігін арттыру маңызды. Əрбір өңірде аймақтық жеңіл өнеркəсіпті жетілдіру қажет.
«Қазір «Даму» кəсіпкерлікті қолдау ұйымы аясында түрлі гранттар, «Бизнес бастау» жобасы басталды. Негізі осы бағдарламалар арқылы көп дүниені меңгеріп, сауатын ашуға болады. Осы бағдарламалар арқылы оқып, 2 кəсібін ашып, дөңгелетіп, өзін-өзі жұмыспен қамтып отырған адамдар бар. Енді мұны мемлекеттік тұрғыда жетілдіріп алсақ жөн болар еді», – дейді.
Құрақ құрап, көрпе тігудің өзі үлкен бизнес
Маманның бұл пікірін қолөнермен айналысатын Қайыркеш Жұмаділова да қолдайды. Алматы облысының тұрғыны, зейнет жасына келген кейіпкеріміз кезінде мектепте мұғалім болған. Зейнетке шыққан соң да бос отырғысы келмеген ол төрт жылдан бері құрақ құрап, қыз жасауын жасап, кəсібін дөңгелетіп отыр. Тіпті кейіпкеріміздің тіккен көрпелері көрші қырғыз еліне де сатыла бастапты.
«Біздің Алматыда «Қырғыз» базар атанып кеткен базарда сатылатын көрпелерді көріп кейде ішің ашиды. Ол көрпелердің ішіне салынатын мақтасы бос, сапасы нашар. Ал біз мақтаны сырып отырып, ыдырап кетпейтіндей етіп тігеміз. Содан кейін барып көрпенің ішіне саламыз. Көрпеміздің қалыңдығы 10 см. Тапсырыс беретіндер өте көп. Қазір үлгермей кеткен соң арнайы цех ашып, қасыма алты келіншекті жұмысқа алдым. Əрқайсысына 150 мың теңгеден жалақы төлеймін. Көрпелеріміз көрші қырғыз еліне де сатылады. Негізінде, біздің қазақы нақышта тігілген көрпелерімізді, текеметтерімізді сыртқа сатуға мүмкіндік туса жөн болар еді. Осы жағын жетілдіруді ойласақ, қандай жақсы», – дейді Қайыркеш Жұмаділова.
Ең алғаш ақшаға сатылған текемет
Жалпы, шекара саудасын дамыту бізге дейін де болған. Ұлы Жібек жолы саудасы күні бүгінге дейін жалғасып, қазір Қазақстан бұл орайда «Жаңа Жібек жолы» жобасымен жұмыс істеуде. Мəселен, ежелгі саудада ең алғаш қазақтың текеметі ақшаға сатылыпты. Бұрынғы сауданың тарихында жеңіл өнеркəсіп өнімдеріне сауданың айырбас түрі ыңғайлы болған. Ежелгі саудада Қытай, Ресей, Қазақстан арасындағы сауда өнімді əрі өтімді болыпты. Ол кездері қазақтар саудаға мал басын, астық, жарма кездеме маталар мен текемет, қалы кілемдер шығарған. Міне, сондай бір саудада қазақтың текеметі қолма-қол ақшаға сатылған екен.
«Қазақ текеметіне көзі түскен Орталық Азия елдерінің шеберлері Ресей базарында сол текеметті 1875 жылы қолма-қол ақшаға сатып алыпты. Ондағы текеметтің бағасы 820 сом болған екен», – дейді зерттеушілер. Кеңестік кезеңде де қазақ шеберлерінің тоқыған кілемдері Ашхабад мұражайында бірнеше жыл сақталғаны туралы да деректер бар. Ол кездері Түркіменстанның, Өзбекстанның, Қырғызстанның, Қазақстанның кілемдері өздерінің сəн-салтанатымен көш ілгері болды. Қазір Өзбек елі де, іргеміздегі Қырғыз елі де, Түркіменстан да кілем тоқу өндірісіне ерекше көңіл бөліп отыр.
Кəсіпкерлерді квотадан қақпау керек
Сондай-ақ мамандардың пікірінше, шекара маңындағы сауда, импорт тасқыны отандық өндірушілерге де өз əсерін тигізеді. Қазір шекара маңында сауда нүктелерінің көлемін жылдан жылға арттырып, сауда көлемі ұлғайып келеді. Ресейлік, қытайлық тауарлар бағасы төмен болып, елімізге ағылып жатыр. Бұл өз кезегінде отандық өнім бағасына да əсерін тигізеді. Сөреде өзге елдердің арзан тауарлары тұрғанда, отандық өнімге сұраныс та болмай қалуы мүмкін. Сондықтан осы арада үкімет отандық кəсіпкерлерге квоталар ұсынып, қолдау жағын ұмытпауы тиіс.
Абзалында, біздің елде ШОБ-ты қолдау, кəсіп иелеріне субсидия, дотация беру жағы біршама жетілген. Кəсіпкерлеріміз астық, ұн жəне ұн өнімдері, қара мал басын, көкөністерді шекара маңындағы елдерге көбірек тасымалдай да бастады. Сондықтан болашақта Қазақстан Орталық Азияның сауда хабына айналатынына сенім мол. Əрине, өнімді, оң жұмыс істелсе ғана.
Қарлығаш САЙЛАУОВА
Фото: ашық дереккөз