Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 10:00

Қазақстан паспорты: мұқабасы әдемі, мүмкіндігі қандай?

паспорт
Фото: из открытых источников

Өткен аптада әлеуметтік желіде Қазақстан паспортының дизайны өзгеретіні туралы ақпарат тарап, тіпті төлқұжаттың «жаңа» бейнесіне үміткер дизайндардың түрлі нұсқалары жарияланды.

Бұл бүгін не кеше қозғалған мәселеге ұқсамайды. Биыл, 9 қазанда мемлекеттік кеңесші жаңа дизайндағы паспортты әзірлеу басталғанын хабарлаған еді.

Әлеуметтік желілерде паспорттың дизайны туралы пікірталас қызып тұр. Пайдаланушылардың бірі Қазақстан паспортының сыртқы келбетін жоғары бағалап, оның түсі мен дизайны шетелдіктердің де назарын аударатынын жазды. Осы жазбадан кейін желіде паспорттың түсі ауысады деген болжам тағы талқыланды. Осы бағытта әуесқой дизайнерлерден бірнеше жоба ұсынылып үлгерген де еді. Әсіресе әлеуметтік желіде тарап кеткен қою көкшіл түсті паспорт дизайнын Корей Республикасының төлқұжатына ұқсатқандар көп болды. Әуел басында әлеуметтік желілер мен сарапшылар ортасында сөз болып, кейін мемлекеттік деңгейде талқылана бастаған бұл өзгеріске қарсы шыққандардың қарасы көп. Әуелгі дизайны әлдеқайда жақсырақ екенін айтып, көпшілік тағы бір шуласып алды. Хош. Паспорттың түсін өзгертіп, мұқабасына мүлде басқаша оюды кестелегенмен, оның сыртқы саясаттағы мәртебесі мен күші өзгере қоймасы анық. Сөзімізді тарқата кетейік. Жыл сайын Henley & Partners компаниясы әлем елдерінің төлқұжат мәртебесі қандай екенін анықтайтын рейтинг жариялайды. Нақтырақ айтсақ, компания жыл сайын азаматтардың визасыз бара алатын елдер санын есепке ала отырып, төлқұжаттардың «мәртебесін» анықтайды. Жыл сайын жарияланатын паспорттар индексінде биыл Қазақстан 67-орынға тұрақтаған. Дегенмен өткен жылдары жарияланған рейтинг қорытындысымен салыстыра қарасақ, әлемдік паспорт индексінде ел төлқұжатының дәрежесі әлдеқайда түсіп бара жатқанын көруге болады. Биыл жыл басында дәл осы рейтингте 61-орында тұрған Қазақстан күзде бірден 67-орынға түсіп кеткен. Дәл қазір 64-орынға тұрақтаған.

Ел төлқұжатының мәртебесі бұлай лезде төмендеп кетуіне себеп те жоқ емес. Зерттеу қорытындысы бойынша, қазақстандықтар визасыз бара алатын елдер саны 79-дан 77-ге қысқарған-мыс. Соған қарамастан, ел төлқұжаты Орталық Азиядағы ең мықты паспорт. Көршілес жатқан Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Түркіменстан төлқұжаттарын бірнеше саты басып озған. Әдетте Henley Passport Index рейтингі IATA деп аталатын халықаралық әуе көлігі қауымдастығының эксклюзивті мәліметтеріне негізделіп жасалады. Әрі 199 елдің төлқұжаты мен 227 туристік бағытты қамтитын рейтинг әлем елдерінде орын алып жатқан кез келген визалық саясатқа байланысты жыл бойы жаңарып отырады. Ел паспортын бүгінгі жаһанданған заманда тек жеке басын куәландыратын құжат деп қабылдау жеткіліксіз болар, анығында, ол мемлекеттің азаматқа берген символдық мәртебесінің де көрсеткіші іспетті қуаты күшті қару. Өкінішке қарай, ел паспортының мәртебесі соңғы жылдары төмендеп кетуіне себеп көп, салдары да аз емес. Көп елде паспорт елдің беделін, азаматтың әлем алдындағы мүмкіндігін білдіреді. Ал біздің жағдайда ел паспорты көбіне-көп шектеулермен, визалық кедергілермен, күмәнді тексерістер сынды түйіні көп мәселелермен бетпе-бет келіп отырады. Шет ел аралап, жаз айлары демалысқа асыққан азаматтар үшін таңдау шектеулі болатыны да рас. Себебі көп ел визаны талап етеді. Әсіресе Азия, Еуропаның дамыған елдеріне визасыз бара алмайсың. Ал виза алу мәселесіне келгенде Қазақстан азаматына талап тағы жоғары. Себебі де түсінікті. Халықаралық аренада біздің ел паспортының күші төмен, қуаты әлсіз. Осындайда басты себеп неде деген сауал туады. Саясаттанушы Есхат Мәденнің айтуынша, ел паспорты неге әлсіз деген сұрақты тек визасыз елдердің саны арқылы өлшеу жеткіліксіз. Кез келген елдің паспортының күшті не әлсіз болуы, ең алдымен, халықаралық аренадағы ықпалды қауымдастықтардың, ұйымдар мен елдердің сол елге деген сеніміне кеп тіреледі.

«Рас, паспорт дегенің – мемлекеттің «көрінбейтін визит картасы». Әлем елдерінің сол мемлекетке деген сенім деңгейінің көрсеткішін паспорттың мәртебесіне қарап танысақ болады. Ал елге деген сенім, төлқұжат беделі немен өлшенеді десек, мемлекеттің ішкі тұрақтылығымен, заң үстемдігі, көші-қон саясатының айқындығы, азаматтарының шетелде заң бұзуға бейім болуы сынды қағидаттармен өлшенеді деген жауап аламыз. Бұл тұрғыда алып қарасақ, біздің елде бірқатар қарама-қайшылықтар бар. Бір жағынан, Қазақстан қазір өзін бейбіт бастамалар көтеретін, көпвекторлы саясат ұстанатын мемлекет ретінде көрсетіп жүр. Екінші жағынан, демократиялық институттардың әлсіздігі, сөз бостандығы мен құқықтық жүйеге қатысты халықаралық сын-пікірлер Қазақстанға деген толыққанды сенімнің қалыптасуына кедергі келтіріп отырғаны рас. Паспорттың «әлсіздігі» көбіне осы саяси контекстен бастау алады.

Паспорттың күші елдің экономикалық әлеуетіне де тікелей байланысты. Әлемдік тәжірибеге көз салсақ, экономикасы қуатты елдердің азаматтарына визалық шектеулер әлдеқайда аз қойылады. Себебі мұндай елдерден келетін турист те, мигрант та қабылдаушы мемлекет үшін қауіп тудырмайды, керісінше, экономикалық пайда көзі ретінде қарастырылады. Германия, Жапония, Оңтүстік Корея, Сингапур секілді елдердің паспортының күшті болуы сол елдегі жоғары табыс деңгейі, тұрақты еңбек нарығының тұрақтылығымен тығыз байланысты. Қазақстан жағдайында орта табыс деңгейіндегі экономика, еңбек миграциясының жоғары болуы және азаматтардың шетелге тұрақты қоныс аударуға деген ұмтылысының жыл сайын өсуі визалық саясатта әдетте біздің ел азаматтарына сақтықпен қарауына әсер етеді. Көп ел Қазақстан азаматын турист ретінде емес, әлеуетті мигрант ретінде қабылдайды. Міне, дәл осы құбылыс – паспорттың «әлсіз» не «күшті» болуына ықпал ететін басты факторлардың бірі. Оның үстіне, көші-қон және шекаралық бақылау жүйесінің қауіпсіз, сенімді болуы да үлкен рөл атқарады. Паспорттың күші сол құжаттың иесі кім екені, оның артында қандай мемлекеттік база тұрғаны туралы дерекке сүйенеді. Егер елде құжат жасау жүйесі ашық, цифрландырылған, сыбайлас жемқорлықтан ада болса, шетел мемлекеттері сол паспортқа көбірек сенеді. Осы тұрғыда есіме Эстонияның кейсі түсіп тұр. Халқы аз, халықаралық аренада геосаяси салмағы бір үлкен болмаса да, байқасақ, Эстония паспортының күші жоғары. Себебі ел цифрлық мемлекет моделін қалыптастырып, азаматтық деректердің қауіпсіздігін, ашықтығын қамтамасыз ете алды. Соңғы жылдары цифрландыру бағытында ілгерілеу бар, әрине, дегенмен бұл жүйеге деген халықаралық сенім әлі толық орныққан жоқ», – дейді саясаттанушы.

Сыртқы саясаттағы белсенділік пен елдің халықаралық беделі де паспорт күшіне әсер етеді екен. Henley & Partners компаниясы жариялаған әлемдік паспорт индексінде алғашқы орындарға осы Азия елдері орналасқан. Бірінші орынға жайғасқан Сингапур елінің азаматтары 193 мемлекетке визасыз бара алады.Ал екінші орынға орналасқан Оңтүстік Корея XX ғасырдың ортасында кедей, соғыстан әбден зардап шеккен ел болғанынан бәрі біледі. Алайда ұзақ мерзімді индустриялық даму нәтижесінде, білімге құйылған инвестиция мен белсенді дипломатия арқасында кәрістердің төлқұжаты бүгінде әлемдегі ең күшті паспорттардың біріне ие. 190 елге визасыз қатынай алатын Жапония да қазір әлемді аузына қаратып отырған ірі держава. Бұдан кейінгі орындарға Дания, Финляндия, Франция, Германия, Ирландия, Италия және Испания сынды Еуропа елдері тұрақтаған. Henley & Partners компаниясы Henley Passport Index рейтингінің 20 жылдық тарихында алғаш рет Құрама Штаттар әлемдегі ең қуатты 10 төлқұжаттың қатарына кірмегенін атап өтті. 2014 жылы АҚШ бірінші орынға шықса, қазір Малайзиямен 12-ші орынды тең бөлісіп отыр. Бұл мемлекеттердің азаматтары 189 мемлекетке визасыз еркін бара алады.

Саясаттанушының айтуынша, Түркия мысалында да қызық парадокс бар. Түркия аймақтық держава бола тұра, соңғы жылдары саяси тұрақсыздық пен сыртқы саясаттағы тұрақсыздық пен ішкі қақтығысқа ұшырауы ол елдің паспортының беделіне кері әсер еткен. Бұл паспорттың күші тек экономикаға емес, саяси климатқа да тәуелді екенін көрсетсе керек. Маман паспорт күшті болу үшін алдымен мемлекет мықты, азамат өз елінде өзін қадірлі сезінуі тиіс екенін алға тартты.

«Қазақстан сыртқы саясатта көбіне бейтарап, сақ позиция ұстанады, алайда бұл ұстаным кейде халықаралық сахнада айқын саяси салмақтың әлсіреуіне әкеліп соғады. Тағы бір маңызды аспект – азаматтық мәдениет пен құқықтық жауапкершілік деп қарасақ болады. Кейбір елдер визалық режимді қатаңдатқанда белгілі бір нақты статистикаға сүйеніп жатады. Яғни, ашығын айтсақ, шетелге шыққанда ел азаматтарының визалық режимді бұзуы, заңсыз жұмыс істеуі немесе демалысқа барғанда заңды бұзуы сынды қарапайым қағидаларға байланысты визасыз режимнен бас тартып жатады. Ащы болса да шындық, дегенмен кей замандастарымның шетелге демалысқа, оқуға не жұмыс істеу үшін барып, басы дауға қалып жатқанын көріп, ішің ашиды. Қанша мойындағымыз келмесе де, соңғы жылдары қазақтардың шетелде заң бұзу жағдайлары жиілеп кетті. Ал «паспорттың мәртебесін көтеру, күшейту» туралы сөзге келсек, бұл бір реттік шешіммен жүзеге асатын процесс емес. Ол үшін ең әуелі өз ішіміздегі мәселелердің түйінін шешкенде, әлем елдері бізді өздері-ақ мойындап, мойын бұра бастайды.

Ол үшін ең алдымен құқықтық мемлекет қағидаттары нақты іске асуы керек. Сот жүйесіне деген сенім, азаматтың өз елінде өзін қауіпсіз сезінуі, әділеттілікке қол жеткізу сынды қарапайым құбылыстар сыртқы саясат үшін де маңызды факторлар. Менің ойымша, сонымен қатар орта таптың салмағын күшейту қажет. Орта тап неғұрлым мықты болса, азаматтардың миграцияға кету ықтималдығы мейлінше төмен деп бағаланады. Халықаралық беделді арттыратын жұмсақ күш құралдарына баса назар аудару керек. Мәдениет, білім, ғылым, академиялық алмасулар, халықаралық деңгейде ұсына алатын медиа өнім осының барлығы – паспорттың салмағын арттыратын құбылыстар. Паспортты күшейту тек дизайнды өзгерту немесе визасыз елдер тізімін көбейту арқылы шешілмейді», – дейді саясаттанушы.

Хош. Паспорт дизайнын өзгертудегі ресми уәж – заманауи талаптарға сай болу, қауіпсіздік элементтерін жаңарту. Әрине, бұл қисынды аргумент делік. Алайда мәселе тек сыртқы бейнені ауыстырумен шешіле ме деген сұрақ тағы туады. Егер төлқұжаттың халықаралық салмағы, азаматқа беретін мүмкіндігі өзгермесе, жаңа дизайн оның беделін көтере алмасы анық. Жас жиһанкез Бегайым Ноғайбектің айтуынша, Қазақстан паспортының әлсіздігін виза алар уақытта ерекше сезесің. Жолға шығуды жоспарлаған ел тұрғыны виза деген ұғыммен өте ерте танысады екен. АҚШ, Канада, Ұлыбритания секілді елдерге сапар жоспарласаң, шетел консулының күдігі одан сайын күшейетіні туралы айтып өтті. Әдетте мұндай елдерге виза алу тек құжатпен шектелмейді, сен өзіңді әңгімелесіп отырып та қорғауың, таныстыруың керек екен. Консулдықтағы қысқа сұхбатта ел тұрғынының өмір салты, табысы, арманы, тіпті болашақ жоспары да таразыға салынады. Мұндай елдер Қазақстанды миграциялық тұрғыда «қауіпсіз» елдер қатарына қоса бермейді, сондықтан сенің әр өтінішің, әр сөзің сүзгіден өтеді.

«Көп ел үшін виза формальды бір дүние, ал біздің елдің саяхатшылары үшін виза деген алдын ала жоспарлауды, қаржың бар екенін дәлелдейтін, өз өміріңді қағаз жүзінде ақтауды талап ететін өте күрделі рәсім. Еуропаға бет алған сайын, әсіресе Шенген аймағына виза алу бөлек бір саяхаттың өзі сияқты. Банк шотындағы қаражат, жұмыс орнынан анықтама, демалысқа шығу туралы бұйрық, қонақүй броні, сақтандыру, қайту билеті сияқты факторлардың бәрі дерлік сенің елге қайта ораларыңа кепіл болуға тиіс. Бұл талаптардың астарында бір ғана сұрақ жатады. «Сен бізге келіп, қайтып кетесің бе?» Қазақстан паспорты бұл сұраққа бірден сенімді жауап бере алмайды, сондықтан дәлел сұрайды. Міне, осы сәтте паспорттың әлсіздігі айқын сезіледі. Қазақстан паспортымен шығатын әр сапарың – үлкен саясаттың, әңгіменің бір бөлігі. Ол әңгіме елдің кім екенін, қайда бара жатқанын, әлеммен қалай сөйлесетінін баяндайды. Ал жиһангез үшін бұл әңгімені сезіну, түсіну және соны айту – сапардың ең маңызды бөлігі. Мұның бірнеше себебі бар. Біріншіден, елдің экономикалық деңгейі мен азаматтардың орташа табысына кеп тірелетін мәселе. Көп мемлекет виза саясатын қалыптастырғанда «еліне қайтып кетеді ме, әлде қалып қоя ма» деген прагматикалық өлшемге сүйенеді. Екіншіден, көші-қон тарихы мен статистикасы. Үшіншіден, мемлекеттің сыртқы саяси салмағы, халықаралық келісімдердегі белсенділігі, визасыз режим орнатудағы келіссөз қабілеті. Осы факторлардың жиынтығы паспорттың «күшін» анықтайды.

Тек негатив айтқаным жөнсіз болар. Қазақстан да бұл жолдың басында тұр деуге болады. Тәуелсіздігін отыз төрт жыл бұрын алған мемлекет үшін бұл әлдеқайда жақсы нәтиже. Соңғы жылдары кей елдермен визасыз режим орнап жатыр, виза алу жеңілдеп жатыр, дегенмен бұл әлі де жеткіліксіз нәтиже. Паспорттың беделі тек дизайнмен немесе техникалық жаңартумен өлшенбесі анық. Жиһанкез ретінде мені ең көп ойландырғаны – визаның өзінен бұрын, сол виза арқылы байқалатын теңсіздік сезімі. Бір елдің азаматы шекарадан оңай өтсе, екіншісі әр қадамын дәлелдеуге мәжбүр. Бұл жеке адамның қабілетіне емес, оның туған жеріне байланысты. Паспорт осылайша географияны тағдырға айналдырып жібереді. Соған қарамастан, саяхат үмітті де үйретеді. Негізі виза дегенің – жүйенің қалай жұмыс істейтінін көрсететін жақсы сабақ. Қазақстан паспортының беделі бір күнде өзгермейді, бірақ ол өзгеріс ішкі саясатқа тікелей тәуелді. Егер мемлекет өз азаматтарына мүмкіндік бере алса, қауіпсіздік сезімін сыйлай алса, шетел де біртіндеп сенім білдіреді», – дейді жиһанкез.

Қазақстан төлқұжатын ел азаматы сапарға шығу үшін алатыны бесенеден белгілі. Кейінгі жылы төлқұжатты пайдаланушылар қатары артқанға ұқсайды. Ұлттық статистика бюросының былтыр жариялаған мәліметі бойынша, өткен жылы өзге мемлекеттерге сапарлаған қазақстандықтар саны 10,5 млн-ға жеткен. Соңғы 5 жылда болмаған деңгей екенін айтып қалды. Әсіресе 2020 жылы орын алған дүниежүзілік пандемиядан соң шетелге сапарлайтындардың саны күрт өскен. 2022 жылы статистикаға көз тастасақ, осыны анық байқауға болады. Осы тұста визасыз режимге рұқсат еткен Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан, Түркия, БАӘ, Қытай, Мысыр секілді елдерге сапарлап барғандардың саны жыл сайын көбейіп жатыр. Бегайым Нөгербектің айтуынша, паспорттың беделі жеке адамның құзырындағы шаруа ғана емес, анығында, ұжымдық жауапкершілік.

«Саяхатшы ретінде ең қызығы – шекарадағы қарым-қатынас мәдениеті. Кей елдерде паспортты тексеру бірнеше секундқа созылады, ал кей жерде «Қайда барасың? Қанша күн? Қайда тұрасың?» деген сұрақтың астына алып қояды. Осы орайда ерекше айтып өткім келетін бір жайт бар. Бір азаматтың заңсыз әрекеті, визалық тәртіпті бұзуы немесе көші-қон заңын елемеуі жүздеген мың адамның виза алу мүмкіндігін азайтуы мүмкін. Консулдықтар жеке оқиғаларды ұмытпайды, оларды статистикаға айналдырады. Сол статистика кейін паспорттың тағдырын шешеді. Бұл тұсты жеке адамның қателігі мен ұжымдық салдардың арасындағы көрінбейтін, бірақ аса қатал байланыс деп қарастыруға болады. Визалық тәртіпті бұзған бір азаматтың оқиғасы шетелдік консул үшін тұтас елдің азаматтарына қатысты күмәнді күшейтетін маңызды дерекке айналып шыға келеді. Өйткені консулдық жүйе эмоциямен емес, статистикамен ойлайды. Ол жеке тағдырды емес, үрдісті көреді, ал үрдіс қауіпке айналған сәттен бастап, шектеу механизмі іске қосылады. Мәселен, белгілі бір елге Қазақстан азаматтары туристік визамен барып, виза мерзімінен асса да, сол елде қалды делік. Бұл әрбір жеке адам үшін түрлі себеппен түсіндірілетін жағдай болуы мүмкін. Мәселен, біреу жұмыс жағдайымен, енді бірі қаржылық қиындыққа ұшырады не отбасылық жағдай орын алды. Бірақ консулдық үшін бұл себептердің ешқайсысы маңызды емес. Маңыздысы – осындай заңбұзушылықтың жиілеуі мен қайталануы. Егер мұндай жағдайлар жүйелі сипат ала бастаса, сол сәттен бастап виза алу тәртібі қатаңдайды, талаптар көбейеді. Консулдықтарда «жеке оқиға» деген ұғым жоқ деуге болады. Әрбір бас тарту, әрбір заңсыз қалу, әрбір депортация арнайы базаларға енгізіледі. Бұл деректер жыл сайын талданып, салыстырулар жасайды. Қай елдің азаматтары визалық режимді жиі бұзады, қайсысы уақытында қайтып келеді, қайсысы баспана немесе жұмыс іздеп қалуға бейім – бәрі цифрға айналады. Сол цифрлар ел азаматтарының, ел паспортының бейнесін қалыптастырады» – дейді.

Төлқұжат – адамның халықаралық кеңістіктегі қозғалыс еркіндігіне жауап беретін негізгі құрал. Паспорттың түсі, мұқабасындағы бедер, ішкі беттеріндегі визуалды суреттер халықтың тарихи санасымен, құндылықтарымен, ең бастысы, мемлекеттің имиджімен тікелей астасып жататыны анық. Бірақ бұл символиканың өзі нақты әлеуметтік я саяси шешімдермен бекімесе, ол тек әдемі қаптамадағы әлсіз мазмұн болып қала берері анық. Дамыған елдер паспорт дизайнын жиі жаңартатыны рас, бірақ әдетте олар үшін басты мәселе – визасыз қатынастарды кеңейту, азаматтың еркін қозғалысын қамтамасыз ету, құжаттың халықаралық мәртебесін арттыру. Жапония, Германия немесе Оңтүстік Корея паспорттарының беделіпаспорттың дизайны әлде мұқабасымен өлшенбейтіні анық, анығында, сол ел азаматтарына әлем елдерінің ашық болуымен өлшенеді. Дизайн сол беделдің сыртқы көрінісі ғана.

Дайындаған

Ақгүлім Ерболқызы

Тегтер: