ТМД бейресми саммитінен кейін Путин мен Тоқаев жеке кездесу өткізді
Санкт-Петербургте ТМД мемлекеттері басшыларының бейресми кездесуінен кейін Владимир Путин Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен екіжақты кездесу өткізді.
Кездесу барысында тараптар Қазақстан–Ресей қарым-қатынасының өзекті бағыттарын, сондай-ақ аймақтық ұйымдар аясындағы ынтымақтастықты талқылады.
Ресей Президенті Владимир Путин екі ел басшыларының ТМД, ҰҚШҰ және ТМД аясында өткен пікір алмасулары нәтижелі болғанын атап өтті. Оның айтуынша, Қазақстан мен Ресей арасында шешілмеген даулы мәселе жоқ, керісінше, өзара іс-қимылдың ауқымы кеңейіп, нақты жұмыс күн тәртібі қалыптасқан.
«Жалпы алғанда, біздің қарым-қатынасымыз барлық бағыты нәтижелі дамып келеді. Даулы немесе күрделі мәселелер жоқ, дегенмен өзара байланыс ауқымы үлкен болғандықтан талқылайтын тақырыптар әрдайым табылады», – деді Владимир Путин.
Тоқаев: стратегиялық әріптестік – басым бағыт
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ресейлік тарапқа көрсетілген қонақжайлылық үшін алғыс білдіріп, Санкт-Петербургтегі дәстүрлі кездесулердің мазмұнды әрі жүйелі өткенін айтты. Ол биылғы жыл Қазақстан–Ресей қарым-қатынастары үшін табысты болғанын атап өтті.
Президенттің айтуынша, 12 қарашада Ресейге жасаған мемлекеттік сапары екіжақты байланыстарды нығайтуда маңызды кезеңге айналған.
«Қазақстан үшін стратегиялық әріптестік пен одақтастық – сөзсіз басымдық. Мұны мен барлық жерде айтып жүрмін. Өмірдің өзі, географиялық және тарихи шындық бізді бірге болуға жетелейді. Бұл ынтымақтастық екі халықтың түпкі мүддесіне толық сәйкес келеді», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Кездесуде Еуразиялық экономикалық одақ пен ТМД аясындағы өзара іс-қимыл да қозғалды. Қазақстан Президенті ТМД-ның бүгінгі таңда сұранысқа ие, беделді халықаралық ұйым екенін атап өтіп, оның шеңберінде қабылданып жатқан шешімдердің практикалық маңызына тоқталды.
Санкт-Петербургтегі бұл кездесу Қазақстан мен Ресей арасындағы стратегиялық әріптестіктің сақталып қана қоймай, жаңа мазмұнмен толықтырылып отырғанын көрсетті. Тараптар екіжақты қарым-қатынасты одан әрі дамытуға, аймақтық ұйымдар шеңберінде үйлесімді саясат жүргізуге ниетті екенін тағы бір мәрте растады.