Қазақстан Президенті жұмыс сапарымен Вашингтонға келді
Тоқаев АҚШ Президенті Дональд Трамптың шақыруымен жұмыс сапарымен Вашингтон қаласына келді. Бұл туралы Ақорда жазды.
Сапар аясында Президент Бейбітшілік кеңесінің инаугурациялық отырысына қатысады, сондай-ақ шет мемлекеттердің көшбасшыларымен және АҚШ-тың ресми тұлғаларымен бірқатар кездесу өткізеді.
Еске салсақ, саммит барысында негізгі назар Газа секторындағы ахуалды тұрақтандыру мәселесіне, сондай-ақ өңірде бейбітшілік, қауіпсіздік және тұрақты гуманитарлық қолдау қамтамасыз етуге бағытталған нақты қадамдарды әзірлеуге аударылады.
Бұған дейін АҚШ президенті Дональд Трамп төрағалық ететін Бейбітшілік кеңесінің қазіргі таңда 27 мүшесі бар екені хабарланған болатын. Бұл орган 2026 жылдың қаңтар айында Давоста өткен Дүниежүзілік экономикалық форум аясында құрылған.
Қаңтар айында Қазақстанға құрылтайшы мемлекеттердің бірі болу ұсынылған. Қасым-Жомарт Тоқаев Бейбітшілік кеңесінің Жарғысына қол қойды.
Сонымен қатар, Қазақстан Президенті пәкістандық TheNewsInternational газетіне берген эксклюзивті сұхбатында аталған ұйымның құрылуына қатысты өз пікірін білдірген еді.