Қазақстан Ресей мен Украина келіссөздеріне алаң ұсынуға дайын – Тоқаев

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей мен Украина арасындағы соғысқа қатысты елдің ұстанымын жария етті.
Президент Қазақстан өзін екі ел арасындағы соғысқа делдал ретінде қарастырмайтынын айтты.
«Қазақстан Ресей мен Украина арасындағы әскери қақтығыста арағайын емес және өзін солай көрмейді. Екі тарап та барлық даулы мәселелерді әртүрлі деңгейде тікелей диалог арқылы шеше алады».
Тоқаевтың сөзінше, әскери қимылдар жалғасқан сайын мәселелердің қатары көбейіп барады.
Қазақстанның рөлі
Соған қарамастан Тоқаев келіссөздерді жалғастыру қажет екенін айтып өтті. Ол БҰҰ мінберінде де осыны көтергенін еске салды.
«Егер Ресей мен Украина лидерлері Қазақстанға келуді қаласа, біз келіссөздерді ойдағыдай өткізу үшін барлық жағдайды жасаймыз», – деді Тоқаев.
Тоқаев сөзін түйіндей келе:
«Біз Ресей мен Украина арасындағы жоғары деңгейдегі тікелей келіссөздердің басталғанын қолдаймыз. Бірақ алдымен өзара түсіністікке қол жеткізу үшін дайындық жұмыстары қажет. Қазақстан араағайын болмаса да, егер сұраныс туындаса, барлық деңгейдегі келіссөздерге алаң ұсынуға әзір», – деді.
Еске салайық, Тоқаев пен Украина президенті Владимир Зеленский жуырда Нью-Йоркте өткен БҰҰ Бас ассамблеясының 80-сессиясы аясында кездескен болатын. Зеленский еліндегі соғыс жағдайын түсіндірсе, Тоқаев дипломатиялық жұмысты жалғастырып, қақтығысты тоқтатудың жолдарын іздеу маңызды екенін айтқан.
Кейін Fox News-қа берген сұхбатында Зеленский Ресей президентімен Қазақстанда кездесуге дайын екенін мәлімдеді.