Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 14:31

Қазақстан Ресейден келетін автокөліктерге утильалымды көтеруді жоспарлап отыр

утиль
Фото: kolesa.kz

Қазақстан Ресейден импортталатын автокөліктерге утиль алымды көтеруді жоспарлап отыр. Бұл туралы ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев мәлімдеді.

Министрдің айтуынша, тиісті бұйрық әлі қол қойылған жоқ, бірақ Қазақстан бұл қадамды Ресейдің өз тарапынан утильалымды көтеруіне жауап ретінде жасағалы отыр.

«Біз Ресей нарығына қатысты ешқандай жаңа талап енгізіп жатқан жоқпыз, тек жағдайды айна-қатесіз қайталап отырмыз. Екі ел нарығында тең мүмкіндік болуы керек. Ресей біздің автокөліктерге утильалымды бірнеше есе, тіпті ондаған есе көтерді. Оның үстіне ол жақта 2029–2030 жылдарға дейін прогрессивті шкала енгізілген, сонда утильалым көлемі өте жоғары болады», – деді Нағаспаев үкіметтегі брифингте.

Министрдің сөзінше, бұл шешім отандық автокөлік өндірісін дамыту үшін қабылданған.

Сонымен қатар ол ресейлік автокөліктердің қымбаттауы Қазақстан нарығына айтарлықтай әсер етпейді деп есептейді.

«Бізде нақты статистика бар – Ресейден Қазақстанға келетін автокөліктер саны көп емес. Сондықтан бағаның күрт өсуі болмайды. Бұл – қалыпты нарықтық механизм. Ресейден импорт шамамен 3,7 пайызды ғана құрайды, сондықтан бұл жерде үлкен тәуекел көріп тұрған жоқпын», – дейді министр.

Тегтер: