Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Кеше, 17:27

Қазақстан ресейлік компаниядан бас тартып, үш ЖЭО-ны да өзі салады

Тэц
Фото: БАҚ

Қазақстан Ресей есебінен салынуы тиіс болған үш жылу электр орталығын (ЖЭО) енді өз күшімен тұрғызады. 

Бұл туралы Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр мәлімдеді.

“Интер РАО” компаниясы экспорттық қаржыландыру алуы керек еді. Ол дегеніміз – төмен пайыздық мөлшерлемемен несие. Өкінішке қарай, олар бұл қаржыны ала алмады. Сондықтан бұл станцияларды өзіміз салу туралы шешім қабылданды, - деді Скляр.

Көкшетаудағы ЖЭО құрылысын «Самұрық-Энерго» бастап кетті. Ал Семей мен Өскеменде бұл компания тапсырыс беруші ретінде қатысуы мүмкін.

«Егер ресейлік әріптестерімізден қаржыландыруға нақты ұсыныстар түссе, “Самұрық-Энерго” оларды серіктес ретінде таңдай алады. Бұл жерде ешқандай кедергі жоқ. Басты мақсат – жаңа станция нарықтағы қуат арқылы қазіргі шектен аспайтын тариф ұсынуы керек», - деді вице-премьер.

Склярдың сөзінше, жобалардың нақты құны әзірге белгіленбеген. Себебі жыл соңына дейін жобалық-сметалық құжаттама әзірленеді. Бірақ халықаралық тәжірибеге сүйенсек, 1 гигаватт электр қуаты үшін жалпы шығын 2–2,5 млн АҚШ доллары шамасында болады. Сонымен қатар ол Қазақстанда салынуы жоспарланып отырған АЭС (атом электр станциясы) жобасына байланысты тәуекелдерге жеке тоқталды. Вице-премьердің айтуынша, ЖЭО мен АЭС жобаларының арасында тікелей байланыс жоқ.

«АЭС жобасы бойынша арнайы үкіметаралық келісім жасалады. ТЭЦ салуға жауапты болған “ИНТЕР РАО” мен “Росатом” — екі бөлек компания, қаржыландыру көздері де әртүрлі. Бұл жобаға қатысты еш күмәніміз жоқ. Атом энергиясы агенттігі бұл іспен айналысып жатыр. Қазірше мәселе туындап отырған жоқ», - деді Скляр.

Еске салсақ, 2024 жылдың сәуірінде Қазақстан мен Ресей үш жаңа көмір электр станциясын салу туралы келісімге қол қойған еді. Ресей жағынан оператор ретінде «ИНТЕР РАО – Экспорт», ал Қазақстаннан — «Самұрық-Энерго» бекітілген болатын. Алайда 2025 жылдың сәуірінде Скляр ресейлік тараптың қаржылық қиындықтарға тап болғанын хабарлады.