Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 13:12

Қазақстан ресейлік турбиналардан бас тартып, 250 млрд теңге үнемдеді

ТЭЦ
Фото: ашық дерек

Қазақстан Екібастұз ГРЭС-2 станциясының үшінші энергоблогын салу кезінде ресейлік турбиналар мен генераторларды сатып алудан бас тартты.

Оның орнына республика Қытайдың Harbin Electric International компаниясының жабдығын пайдаланбақ. Бұл туралы Ресейдің «Первый технический» сайты Энергетика вице-министрі Сұңғат Есімхановтың сөзіне сілтеме жасап хабарлады.

Шенеуніктің айтуынша, қытайлық жабдыққа көшу жобаның құнын 250 млрд теңгеден астамға қысқартуға мүмкіндік берген. Енді энергоблок құрылысы 650 млрд теңгенің орнына 400 млрд теңгеге түседі.

Турбина мен генератор жеткізу туралы келісімшарт 2025 жылдың қыркүйегінде жасалған. Сол уақытта билік бұған дейін тоқтап қалған станцияны кеңейту жобасын қайта іске қосқан.

Бұған дейін Қазақстан энергоблокты ресейлік компаниялардың қатысуымен салуды жоспарлап, жеңілдетілген несие алуға үміттенген. Алайда қаржыландыру түспей, жабдық жеткізу мерзімдері кейінге шегерілген.

Осыған ұқсас жағдай Қазақстанда үш жылу электр орталығының (ЖЭО) құрылысына байланысты да болған. 2024 жылдың сәуірінде Қазақстан мен Ресей үкіметтері Көкшетау, Семей және Өскеменде жалпы қуаты 1 ГВт болатын үш ЖЭО салу туралы келісімге келген. Жобаны  ресейлік «Интер РАО» компаниясы жүзеге асыруы тиіс еді. Үш нысанның алдын ала құны 1,25 трлн теңге деп бағаланған.

2025 жылдың мамырында вице-премьер Роман Скляр Ресей тарапында жабдық жеткізуге қаржыландыру мәселесі туындағанын мәлімдеді. Егер бұл мәселе шешілмесе, Қазақстан жаңа инвестор іздеуге мәжбүр болатыны айтылған. Қазір Қазақстан билігі Өскемен мен Көкшетаудағы ЖЭО-ларды өз күшімен салу туралы шешім қабылдаған.

Екібастұз ГРЭС-2 станциясында әрқайсысының қуаты 500 МВт болатын екі энергоблок бар. Олар 1990–1993 жылдары іске қосылған. Станция «Богатырь Комир» компаниясы ашық тәсілмен өндіретін көмірмен жұмыс істейді.

2024 жылдың қорытындысы бойынша компанияның кірісі 79,5 млрд теңгені құрады (2023 жылы – 66,2 млрд теңге). Ал таза шығын 10,6 млрд теңге болды (2023 жылы – 17,3 млрд теңге).

Бұған дейін 2024 жылдың қазанында Екібастұз ГРЭС-2-нің үшінші энергоблогының құрылысы 787,9 млрд теңге болады деп хабарланған еді. Бұл бұрын жоспарланған 441,1 млрд теңгеден 78,6 пайызға қымбат.

Қуаты 540 МВт болатын жаңа энергоблокты 2028 жылы іске қосу жоспарланған. 2027 жылы жобаға 457,7 млрд теңге, ал 2028 жылы 330,2 млрд теңге бөлу көзделген. Қаржы негізінен бюджеттен тыс көздерден тартылуы тиіс.

Тегтер: