Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 09:00

Қазақстан шекарасын Қосанов қорғай ма, Белоусов қорғай ма?

Қазақстан армиясы
Фото: astanatimes.com.

2025 жылғы 31 қазанда Алматыда Тәуелсіз мемлекеттер достастығына мүше мемлекеттердің қорғаныс министрлері кеңесінің 85-отырысы өтті. Іс-шараға Қазақстан, Әзербайжан, Беларусь, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан, Өзбекстан қорғаныс министрлері және ТМД қорғаныс министрлері кеңесінің хатшысы қатысты.

Айтпақшы, Алматыдағы жиынға Ресей қорғаныс министрі Андрей Белоусов төрағалық етті. 

Көпшілік жақсы біледі, ТМД, ҰҚШҰ, ЕАЭО қатарлы ұйымдардың жиналыстары сырттай тең құқылы одақтас елдердің бас қосуы сияқты көрінгенмен, іс-жүзінде мұндай кездесулерде ресейлік делегация баса билеп, білгенін істейді. Кремльден келгендер өзге ел өкілдеріне қарағанда өктем мінез танытып, өрекпи сөйлейтінін байқап жүрміз.

Мысалы, биыл сәуірде Алматыда ТМД-ға мүше мемлекеттердің сыртқы істер министрлері кеңесінің отырысы өткен. Сол кезде Ресейдің «мәңгілік» сыртқы істер министрі Сергей Лавров «жаман үйді қонағы билейтінін» анық көрсетіп кеткені есімізде. Сол жиында Ресейдің бас дипломаты Ресей-Украина соғысына бейтарап позиция ұстанатын, Батыс елдерімен бет жыртысқысы келмейтін Қазақстанда отырғанын ұмытып, Кремльдің көпке ұнамайтын ұстанымдарын алға тарта сөйлеген. Алдымен Еуроодақ пен Ұлыбританияны сыпыра жамандап, соғысқа соларды айыптады. Одан кейін, әдеттегідей, Украина билігін ұлтшылдар жайлап алған, өзге ұлттарды қуғындап жатыр деген ескі жырын толғады. Тіпті қыза келе «Мәскеу Киевке орыс халқы бар территорияны ешқашан бермейді» деген.

Сарапшылар оның бұл сөзін ТМД-дағы өзге елдерге ескертуі деп топшылады. Өйткені Мәскеу ұйымға мүше кез келген мемлекетке «орыс әлемінің құқығын қорғаймыз» деген желеумен жұдырық сілтеуі әбден мүмкін. Мұндай қауіпті Ресеймен көрші отырған бұрынғы одақтас елдердің бәрі сезініп отыр. Кремль өзіне кіріптар, «дос елдерді» сырттай бақылап отыруға тырысады. Сансыз санкцияға ұшырап, әлеммен байланысы үзілген Мәскеу үшін Қазақстан сияқты мемлекеттердің адалдығы аса маңызды. Сондықтан алдап-арбап, қорқытып-үркітіп, одақтас елдерді шылауынан шығарғысы келмейді. Онысы, Кремль билеушілерінің әр сөзінен аңғарылып тұрады.

ТМД министрлері кездесуінде не айтылды?

Ресей қорғаныс министрі Андрей Белоусов осы үрдістен танған жоқ. Шаңыраққа қарамай, Мәскеуде отырғандай сөйледі. Оның ойынша, әлемдегі жағдайларға ТМД елдері бірдей көзқарас ұстануы қажет. «Әлемдегі күрделі әскери-саяси жағдай ТМД елдері әскери ведомстволарының бірыңғай көзқарасын талап етеді», – деді Белоусов.

Қазір Ресей Батыс жұртының ортақ жауы саналып, «қырық кісі бір жақ, қыңыр кісі бір жақ болып» отырғаны жасырын емес. Яғни, әлемдік геосаяси жағдайларға байланысты Ресейдің ұстанымы көп мемлекетпен сәйкес келмейді. Мәскеу Біріккен ұлттар ұйымының жарғы-ережелерін де өрескел бұзып отыр. Демек ТМД елдері Ресеймен бірдей көзқараста болса, Батыс жұртымен бет жыртысуға тура келеді. Мәскеу мұны түсінбей отырған жоқ. Бізді әдейі отқа айдап, өзі салған аса қауіпті, бұралаң жолға түсірмек.

Сондай-ақ Белоусов ТМД елдеріне армиясын заманауи қару-жарақпен қамтамасыз етуге көмектесеміз деп көсемсіді. «Біз бірлескен жедел және жауынгерлік дайындық іс-шараларын кеңейтуге бел буып отырмыз. Ұлттық армияларды заманауи қару-жарақпен жабдықтауға ықпал етіп, Украинадағы арнайы әскери операция кезінде жинақталған тәжірибемізді бөлісеміз», – деді Андрей Белоусов.

Ресейлік шендінің бұл сөзі де бейбіт елге ұнай қоймайды. Тыныш жатқан елге шабуыл жасап, шырқын бұзған тәжірибесін бізге үйрете қоймақ. ТМД-ға мүше мемлекеттердің бәрі Ресейдің Украинаға шабуылын ашық қолдамайды. Олардың соғысқа деген көзқарасы мүлде бөлек. Ал Мәскеу біздің ұстанымды көзге ілмей, өз ойын күштеп тықпалап отыр. Сондай-ақ Ресейдің өзге елге заманауи қару-жарақ бере қоятын жағдайда емес екені белгілі. Көп уақыт әлемнің екінші армиясы атанып келгенмен, Украинамен соғыс Ресей әскерінің шынайы бет-бейнесін ашып берді.

Сондай-ақ Ресей министрі әдеттен жаңылмай, одақтас елдерді Екінші дүниежүзілік соғыс тарихын бұрмаламауға шақырды. Кейінгі кезде Мәскеу КСРО пропагандасына алданбай, шынайы тарихты жазғысы келетін тәуелсіз елдерге қатты өшігіп жүр. Мысалы, Қазақстан ұлттық тарихын өз бетінше зерттеп, шынайы жазуға ұмтылса, Кремль ортақ тарихты бұрмалады деп өре түрегеледі. Тіпті Қазақстанмен тарихты ортақ жазуға ниеттеніп жүр.

Мәскеуден келген қонақ осындай оспадар ойларын айтып отырғанда өзге елдердің қорғаныс министрлері мұның қалай дей алмады. Геосаяси жағдайларға байланысты біздің ұстанымыз мынадай, Украинамен соғысты қолдай алмаймыз деуге ешкімнің шамасы жеткен жоқ. Бұған дейін Сергей Лавров та дипломатияға жат сөздермен одақтастарын көзге шұқыған, оған да қой дейтін ешкім табылмаған. Тіпті Ресей президенті Владимир Путиннің өзі Астанада өткен ҰҚШҰ саммитінде Украина мен Батыс елдерін айыптай сөйлеген.

Айтпақшы, Қазақстан Қорғаныс министрлігі Алматыдағы жиналыс жайлы тым жұтаң ақпарат таратты. Ресми сайттағы ақпаратқа сүйенсек, министрлер 28 гвардияшы-панфиловшылар атындағы саябақта орналасқан Мәңгілік алауға гүл шоғын қойып, Әскери-тарихи музейдің экспозициясымен танысқан. Сондай-ақ қорғаныс министрлері ынтымақтастықты одан әрі дамытуға бағытталған бірқатар құжатқа қол қойғанын хабарлады. Осы жерде бір түсініксіз жайт бар. Біздің министрлік жиынды ҚР қорғаныс министрі Дәурен Қосанов ашқанын айтады. Ал ресейлік БАҚ жиынды Андрей Белоусов ашты деп отыр. ТМД ресми сайты отырысқа Белоусов төрағалық еткенін хабарлаған. Демек жиынды сол ашқан болуы мүмкін. Ал Қосановтың мекемесі неге өтірік айтып отырғаны түсініксіз.

Қазақстан мен Ресейдің әскери байланысы

Осы отырыс аясында Дәурен Қосанов Ресей қорғаныс министрі Андрей Белоусовпен келіссөз өткізді. Қос министр өңірлік қауіпсіздік, әскери кадрларды даярлау және әскери-патриоттық тәрбие саласындағы екіжақты ынтымақтастықты дамытуды талқылаған. Қосанов халықаралық «Айбын» әскери-патриоттық жиынын ұйымдастыруға көмектескені үшін Белоусовқа алғыс айтты. Ал Белоусов Қазақстанмен әскери ынтымақтастықты күшейтуге ниетті екенін айтты. Оның сөзінше, Ресей мен Қазақстанның әскери саладағы ынтымақтастығы Орта Азиядағы тұрақтылықты сақтаудың кепілі болып отыр.

Бірақ сарапшылар әскери салада Ресеймен тым жақын болудың қауіпті екенін айтады. Қазақстан КСРО құрамынан шыққан ел ретінде барлық қару-жарақты, әскери техниканы, ұрыс тәсілдерін түгел Ресейден алып отыр. Бұл бізге өте тиімсіз. Елдің қауіпсіздігіне тікелей қауіп төндіреді. Егер Мәскеумен әскери байланысты қазіргіден де жақындататын болсақ, жағдайымыз қиындай түседі.

Тәжік-Ауған шекарасында соғысқа қатысқан отставкадағы полковник Мұрат Мұхамеджанов Ресеймен серіктестік Қазақстанға ештеңе бермейтінін айтады. Оның айтуынша, ҰҚШҰ, ЭАЕО, ТМД сияқты ұйымдардан тез арада шықпасақ, болашақта елге үлкен зиянын тигізеді.

«Кеңес-Ауған соғысы жайлы түсірілген «9-рота» деген фильм бар. Сонда сарбаздар бронетранспортердің ішінде емес, үстінде отырады. Неге? Өйткені бұл техника минаға төтеп бере алмайды. Мина жарылса іште отырғандардың бәрі 100 пайыз өледі. Ал үстінде отырса, жарылыс толқыны адамды лақтырып жібереді, мұндайда аз болса да аман қалу мүмкіндігі болады. Бұл ресейлік әскери техниканың тым ескі екенін білдіреді, тіпті жарамсыз деуге болады. Сондықтан Қорғаныс министрлігі Батыс елдері өндірген қару-жараққа көшуі қажет.

Бізде үш әскери оқ-дәрі қоймасы жарылды – Балқаш маңындағы Тоқырау, Шымкент маңындағы Арыс және Жамбыл облысындағы Байзақ. Мұның бәрі стратегиялық маңызды қоймалар еді. Демек қазір бізде оқ-дәрі тапшы. Ал оқ-дәрі болмаса, соғысу қиын болады. Мұны Украинадағы жағдай көрсетіп отыр. Мен соғыс қаупі бар екенін 2014 жылы айтқанмын. Қазір мұндай қауіп бар екенін мәжіліс депутаттары айтып жүр. Біздің қоймаларымыз түгел жарылып кетті, патрон тапшы. Құдай сақтасын, ертең соғыс болса, не істейміз? Бізге ешкім көмектесе алмайды. Қазір бізде калибрі 5,45 және 7,62 мм-лік оқ қолданылады. Ал Түркия мен НАТО-да ол 5,56 мм. Олар бізге оқ-дәрі бергісі келсе де, бере алмайды.

Қазір әуе қорғаныс күштеріміз Ресеймен бірге. Осы тұста әуе қорғанысы қалай өзге елмен бірге болады деген сұрақ туындайды. Біздің өзіміздің әуе қорғаныс күшіміз, жоқ дегенде ТМҰ елдерімен одақтас әуе қорғанысымыз болуы керек емес пе? Оның үстіне байланыс желілері де Ресеймен бірдей. Тіпті сіздің қолыңыздағы телефонның коды Ресеймен бірдей. +7 – Ресейдің коды. Демек бәріміз Ресеймен тығыз байланыстамыз. Құдай сақтасын, соғыс бола қалса, стратегиялық маңызы бар әуе қорғанысы мен коммуникация Ресейге байланып тұр.

Жақында ҚР президентіне хат жазып, тез арада зымыран және әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйесін қайта қарауды ұсындым. Қазіргі соғыстарда пилотсыз аппараттар мен дронның маңызы зор. Мысалы, Украинадағы соғыста техниканың 90 пайызын пилотсыз аппараттар жойып жатыр. Қазақстан мен Ресейдің шекарасы 7 500 шақырым, ал Украина мен Ресей шекарасы 1 250 шақырым. Ал сол шекараны 1 млн 300 мың украин солдаты күзетіп тұр. Ал біздің Ресеймен ортақ шекарамыз 8 мың шақырымға жуық екенін айттық, демек оны күзетуге 9-10 млн сарбаз керек. Халық саны 20 миллионнан жаңа асты, 10 млн жауынгерді қайдан табамыз? Мұның жолын мен айтайын. Біз бар күш-жігерімізді пилотсыз аппараттар мен дрон өндіруге салуымыз керек.

Біздің армияда мұндай заманауи техника жоқ. Егер бар болса, көрсетер еді. Мысалы, биыл 7 мамырда әскери парад болды. Өзге техникалар шеруге шықты, ал дрон болған жоқ. Дрондарын Әзербайжан шеруде көрсетті, Түркия көрсетті. Қазақстан неге көрсетпейді? Өйткені бізде пилотсыз аппараттар мүлде жоқ. Дронмен соғыстың мәні бөлек. Ол үшін жаттығудың, жүгірудің, спортпен айналысудың қажеті жоқ. Техниканы өндіріп, тілін үйренсең болғаны. Алыста отырып, жауыңды жайрата бересің», – дейді тәжік-ауған соғысының ардагері.

Кейінгі кезде әлем алпауыттары ядролық қаруларын сынақтан өткізуге ниеттене бастады. Тіпті АҚШ президенті Дональд Трамп: «Бізде әлемді 150 есе жарып жіберуге жеткілікті ядролық қару бар» деп доқ көрсете сөйледі. Оның мұндай мәлімдемесіне Қытай, Ресей, Иран, Солтүстік Корея сиқты соғыс құмар елдер үнсіз қалмасы анық. Демек жаңа жаһандық соғыстың қаупі арта түсті. Мұндайда әр ел өз қаруын сайлап, қауіпсіздігін күшейткені жөн. Ал біздің билік қамсыз отыр. Қорғаныс министрі Қосанов Ресей министрі Белоусовке оқу-жаттығу жиынын өткізуге көмектескені үшін алғыс айтып, алаңсыз жүр. Тақ бір Қазақстан шекарасын Қосанов емес, Белоусов қорғайтын сияқты...

Қуаныш Қаппас

Тегтер: