Қазақстан шетелге спутник сата бастайды: экспорт көлемі 75 млн долларға жетпек
Қазақстан алдағы жылдары отандық өндірістегі жерді қашықтан зондтау спутниктерін шетел нарығына шығаруды жоспарлап отыр.
Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Жаслан Мәдиев, Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі мәлімдеді.
Министрдің айтуынша, Қазақстан Республикасының Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігіне отандық спутниктерді шығаратын толық өндірістік кешен тиесілі. Қазіргі уақытта кәсіпорынның өндірістік қуатын толық жүктеу бағытында белсенді жұмыс жүргізіліп жатыр.
"Алдағы жылдары бұл кешенде кемінде 5-6 жерді қашықтан зондтау спутнигін өндіру жоспарланып отыр", - деді Жаслан Мәдиев.
75 млн долларлық экспорт
Министрдің сөзінше, шығарылатын спутниктердің бір бөлігі экспортқа бағытталады. Алда экспорттың жалпы көлемі шамамен 75 млн долларға жетуі мүмкін.
Жаслан Мәдиев бұл жобаның Қазақстан тарихындағы алғашқы спутник экспорты болатынын атап өтті. Оның айтуынша, бұл елдің ең жоғары технологиялы экспорттық өнімі саналады.
"Бұл бастама Қазақстан үшін жаңа кезеңнің басталғанын білдіреді. Біз тек шикізат емес, күрделі технологиялық өнім экспорттайтын мемлекетке айналып келеміз, - деді министр.
Интернет-трафик транзиті де күшейтіледі
Сонымен қатар Үкімет отырысында Жаслан Мәдиев Қазақстан Каспий теңізі арқылы тартылатын суасты талшықты-оптикалық байланыс желісі есебінен интернет-трафик транзитін күшейтетінін хабарлады. Бұл жоба елдің цифрлық хаб ретіндегі рөлін арттыруға және Еуропа мен Азия арасындағы деректер алмасуда Қазақстанның маңызын күшейтуге бағытталған.
Сарапшылардың пікірінше, спутник өндірісі мен интернет-трафик транзитінің дамуы Қазақстанның ғарыштық және цифрлық экономикадағы орнын жаңа деңгейге көтеруі мүмкін.