Қазақстан-Сингапур бизнес форумы. Уәделер мен келісімдер
Өткен апта Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Сингапур республикасына ресми сапармен барды. Сапар барысында мемлекет басшысы Сингапур президенті Тарман Шанмугаратнам және аталған елдің премьер-министрі Лоуренс Вонгпен кездесті.
Сингапур – өте қарқынды дамып келе жатқан мемлекет. Ол Қазақстанның Оңтүстік-Шығыс Азиядағы маңызды стратегиялық серіктесі болып отыр. Екі ел арасында көпжақты ынтымақтастық орнағанына ұзақ жыл болды. Сол үшін де біздің ел Сингапурмен қарым-қатынасты дамытуға мүдделі.
Сингапурдың жер көлемі жағынан алып қарағанда өте шағын ел. Аумағы Астана қаласынан сәл ғана үлкен деуге болады. Бірақ экономикалық әлеуеті, байлығы жөнінен әлемдегі алпауыт мемлекеттердің бірі. Халқының жалпы саны алты миллион шамасында ғана. Халықаралық валюта қорының есебі бойынша, Сингапурдың бір жылдағы жалпы ішкі өнімі 794 миллиард доллар болған. Бұл рейтингте Сингапур мемлекеті әлемде 38-орынға жайғасқан.
Қазақстан республикасы мен Сингапур республикасы арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың орнағанына 30 жылдан асты, екі ел 1993 жылғы 30 наурыздан бері барыс-келіс жасап келеді. Қазір Қазақстанда 140-тан астам сингапурлық компания мен бірлескен кәсіпорын жұмыс істеп жатыр. Осы уақытқа дейін Сингапурдың Қазақстан экономикасына салған инвестициясы 1,7 миллиард доллардан асты. Екіжақты сауда көлемі көп ұзамай 2 миллиард доллардан асады деген болжам бар.
2023 жылы Қазақстан мен Сингапур арасындағы екіжақты тауар айналымының көлемі 1,6 миллиард доллар болды. Мұның 1,5 миллиарды – экспорт, 75 миллион доллары – импорт.
2024 жылғы Қазақстан-Сингапур бизнес форумында екі ел арасындағы қарым-қатынасты қазіргіден де тереңдету мәселесі сөз болды. Сингапур сияқты дамыған елмен саяси диалог орнатып, сауда және инвестициялық байланысты арттыру Қазақстан үшін тиімді болмақ.
Сингапурда өткен кездесуде екі ел арасындағы байланысты жаңа деңгейге көтеретін бірқатар келісімшартқа қол қойылды. Мысалы, «Қазақстан темір жолы» компаниясы мен сингапурлық PSA International компаниясы арасындағы Транскаспий халықаралық көлік бағытының немесе «Орта дәліздің» әлеуетін пайдалануға бағытталған синергиялық серіктестікті айтуға болады. Теңізге тіке шығудың жолын іздеп жүрген Астана үшін әрбір мүмкіндікті тиімді пайдаланудың маңызы зор.
Бұл бағыт Еуразия кеңістігіндегі ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеріп, Орталық және Шығыс Азиядан Еуропаға шығатын ең төте әрі орнықты жол болады деген болжам бар. Сондай-ақ жалпы жұрт назарын аударып отырған тағы бір келісім – вьетнамдық SOVICO Group компаниясының Qazaq Air авиакомпаниясын сатып алу жөніндегі бастамасы. Бұл Қазақстан мен АСЕАН елдері арасындағы әуе қатынастарын жандандыруға мүмкіндік береді.
SOVICO Group басқарма төрағасы Нгуен Тхань Хунг компания бірқатар әуежайларды бақылауға алып, Қазақстандағы логистикалық қоймаларға инвестиция салуға мүдделі екенін мәлімдеді. SOVICO тобына кіретін Vietjet Air авиакомпаниясы еліміздің аумағы арқылы жүк және жолаушы тасымалының көлемін біртіндеп ұлғайтып келеді.
Кездесу барысында «Самұрық-қазына» АҚ мен Aviation Holdings компаниясы (SOVICO Group құрамына кіреді) арасында Qazaq Air әуе компаниясын сатып алу шарттары жөніндегі міндетті келісімшартқа қол қойылды. Келісімге сәйкес инвестор 5 жыл ішінде кемінде 20 Boeing 737-Max8 және Airbus A320/321 ұшағын жеткізуді жоспарлап отыр. Жақын арада сатып алу-сату шартына қол қойылып, келісім аяқталады.
Сарапшылар Qazaq Air әуе компаниясын шетелдік фирма сатып алып, шартта көрсетілгендей әлемдегі үздік ұшақтарды әкелсе, елдегі әуе тасымалы саласында бәсекелестік артады деп санайды. Бұл осы саладағы монополияны жойып, билет бағасының төмендеуіне және қызмет көрсету сапасының артуына алғышарт болады деген болжам бар.
Қазақстан-Сингапур бизнес форумының қорытындысында екі ел үкіметі өкілдерінің қатысуымен коммерциялық құжаттарға қол қою рәсімі өтті. Онда мынадай құжаттарға қол қойылды:
1. «Қазпошта» АҚ мен SingPost арасындағы Стратегиялық ынтымақтастық туралы келісім;
2. «KTZ Express» АҚ мен Global DTC арасындағы Цифрлық дәлізді іске қосу туралы декларация;
3. «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ, PSA KZ Pte Ltd, KPMC Ltd және G-trans Service арасындағы Ынтымақтастықты одан әрі дамыту туралы меморандум.
Сондай-ақ былтыр жыл аяғында қабылданған Алматы облысындағы Alatau City жобасын жүзеге асыруға сингапурлық Surbana Jurong компаниясын тарту жоспарланып отыр. Alatau City жобасы өте ауқымды жұмыс, үкімет Алматы маңындағы Жетіген ауылының орнында әлемдік деңгейдегі ірі мегаполис салуға ниетті. Бірақ бұл оңай іске асатын шаруа емес, әсіресе Қазақстан сияқты дамушы елдерде мұндай ауқымды жобалар сәтсіздікке ұшырап жатады. Сондықтан сингапурлық компанияның араласқаны бізге пайдалы болуы мүмкін.
Қазақстанда салынады деп жоспарланып отырған жаңа әрі интеграцияланған мегаполис «Орталық Азияның Сингапуры» атанып, жетекші халықаралық бизнес хабқа айналуы мүмкін. Белгіленген мың шаршы шақырым аумақ арнайы экономикалық аймақ ретінде дамиды. Жобаның бас жоспарын сингапурлық Surbana Jurong компаниясы жасаған. Сингапур бизнесі келешегі зор бұл бастамаға атсалысуға дайын.
Қазақстан Сингапурды үлгі ете отырып, Еуразия құрлығындағы жетекші технологиялық және IT хабқа айналуға ниетті. Атап айтқанда, біздің еліміз ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жобалар, стартаптар, жаңа кешенді IT-жобаларды құру үшін білім беру саласын, әсіресе жасанды интеллект саласын дамытуға күш салады. Ол үшін бізге Сингапур сияқты дамыған елмен ынтымақтастықты күшейту қажет.
Сондай-ақ Қазақстан Сингапурға маңызды шикізат пен табиғи ресурстарды жеткізуді қамтамасыз етуге келісті. 2040 жылға қарай сирек кездесетін металдарға әлемдік сұраныс 4 есе артады. Ал барланбаған 5000 кен орны бар Қазақстан мұндай сұранысты өтеуге әлеуетті елдердің бірі саналады. Сингапурлық Indorama компаниясы Қазақстандағы мыс және фосфат кен орындарын барлауға қызығушылық танытып отыр, Қазақстан тарапы олармен ұзақмерзімді ынтымақтастық орнатуға ниетті.
Екі ел арасында бұдан өзге де көптеген саяси-экономикалық келісімшарттар жасалды. Жер алыс, ел шалғай болғанымен, Қазақстан мен Сингапур арасындағы серіктестік дамып келеді. Әлемдік геосаяси жағдай сағымдай құбылып тұрған қазіргі сәтте алыс-жақын шетелмен стратегиялық қарым-қатынасты жақсартудың маңызы зор.
Қуан Өмірхан