Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Кеше, 12:10

Қазақстан СІМ: Украинадағы соғыстағы қазақтар туралы нақты ақпарат жоқ

Украина
Фото: ашық дереккөз

Қазақстан Сыртқы істер министрлігі Украинадағы соғыс қимылдарына қатысып жүрген қазақстандықтар туралы ресми дерекке ие емес. 

Бұл туралы министрліктің бірінші вице-министрі Ақан Рахметуллин мәлімдеді. Оның айтуынша, министрлікке Украина аумағында жүрген немесе әскери іс-қимылдарға тартылған отандастар туралы нақты ақпарат түспеген, ал Киевпен бұл мәселе бойынша ресми байланыс орнатылмаған.

– Бізде ешқандай ақпарат жоқ. Иә, нақтылап сұрамадық. Егер бізге қандай да бір мәлімет берілсе, әрине, тиісті жұмыстар жүргіземіз. Олар қайда ұсталып жатыр, нақты қайда екенін біз қайдан білеміз? Украинаға барып, “Аты-жөндерін беріңдерші” деп сұрай алмаймыз ғой. Бізге туыстары тарапынан ешкім жүгінген жоқ, Украина да мұндай азаматтар бар екенін хабарлаған жоқ. Қазір бұл тек БАҚ пен әлеуметтік желілерде тараған ақпарат деңгейінде ғана. Ресми арналар бойынша ешқандай байланыс жоқ, - деді вице-министр.

Соңғы уақытта әлеуметтік желілер мен бірнеше тәуелсіз БАҚ-та Қазақстан азаматтарының Украинадағы соғысқа түрлі тараптан, соның ішінде Ресей қарулы күштері қатарында қатысып жүргені туралы бейресми мәліметтер тарай бастаған. Алайда бұл деректер әзірге Қазақстан тарапынан ресми түрде расталмады.

Бұл мәселе бірінші рет көтеріліп отырған жоқ. Бұған дейін де, 2024 жылдың көктемінде, Қазақстан СІМ Украинадағы соғысқа қатысып жатқан қазақстандықтардың бар-жоғы тексеріліп жатқанын хабарлаған еді. Алайда тексерудің нәтижесі туралы нақты мәліметтер жарияланбаған.

2024 жылдың соңына таман украиналық “Хочу жить” атты ақпараттық жоба Ресей армиясы қатарында Украинада соғысып жүрген болуы мүмкін 661 Қазақстан азаматының тізімін жариялады. Жобаның деректеріне сүйенсек, олардың кемінде 78-і қаза тапқан. Бұл мәліметтер ашық көздерден алынған, алайда олардың шынайылығы мен ресми расталуы әзірге белгісіз.

Қазақстанда шетелдегі әскери қақтығыстарға қатысу заңмен тыйым салынған. Қылмыстық кодекстің тиісті баптарына сәйкес, шет мемлекеттердің аумағындағы қарулы жанжалдарға жалдамалы ретінде қатысқан азаматтар жауапкершілікке тартылады. Алайда қазіргі жағдайда бұл заң нормаларын қолдану күрделі, себебі қатысушы азаматтардың нақты тұлғасы, олардың орналасқан жері және әскери әрекеттерге нақты қалай тартылғаны жөнінде ресми мәлімет жоқ.

Украинадағы соғысқа қатысып жүрген қазақстандықтар туралы нақты ақпараттың жоқтығы бұл мәселенің ашық күйінде қалып отырғанын көрсетеді. Мемлекеттік органдар әзірге тек бейресми мәліметтермен шектелуде.