Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 14:10

Қазақстан соты Ресейден қашқан дезертирге баспана беруден бас тартты

Евгений Коробов
Фото: ашық дереккөз

Қазақстан соты Украинадағы соғыста жараланғаннан кейін Ресей армиясынан қашқан бұрынғы әскери қызметші Евгений Коробовқа саяси баспана беруден бас тартты. Қазақстан билігі оның Ресейде қудалануы мүмкін деген қауіп жоқ деп есептейді.

Бұл туралы 5 ақпанда Қазақстанның Адам құқықтары бюросының заңгері Артур Алхастов мәлімдеді.

Бұған дейін Астана қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы Коробовқа босқын мәртебесін беруден бас тартқан еді. Бұрынғы әскери бұл шешімге сот арқылы шағымданғанымен, сот Қазақстанның мемлекеттік органдарының ұстанымын қолдап, олардың қорытындысымен келісті. Соттың пайымдауынша, Коробовтың саяси көзқарастары мен дезертирлігі үшін Ресейде қудалану қаупі жоқ.

Алхастовтың айтуынша, Коробов та, дезертирлерді қолдайтын "Прощай, оружие!" қозғалысы да сот шешімімен келіспейді және апелляциялық шағым түсіруге ниетті.

Евгений Коробов – Ресей Қарулы күштерінің 15-мотоатқыштар бригадасының аға лейтенанты. Ол 2022 жылдың ақпанынан мамырына дейін, Ресейдің Украинаға кең ауқымды басып кіруінің алғашқы үш айында, соғыс қимылдарына қатысқан. Коробов Киев маңындағы ұрыстарға да қатысып, «Ерлігі үшін» медалімен марапатталған, кейін жарақат алған.

Жараланғаннан кейін ол майданға қайта оралмауға шешім қабылдап, Қазақстанға кеткен. Ал Ресейде Коробовқа қатысты дезертирлік бабы бойынша қылмыстық іс қозғалған.