Қазақстан Таяу Шығыстағы әскери іс-қимылдың бейтарап елдерді шарпығанына наразы
Таяу шығыстағы жағдай әлі күрделі болып тұр. Қақтығыс Израиль мен Иран аумағынан шығып, алыс-жақындағы бірнеше мемлекетті шарпыды. Салдарынан бейбіт тұрғындар жапа шегіп отыр. Әлем жұрты қарлы қақтығысты айыптап, тараптарды бейбіт келіссөзге шақырып жатыр.
Қазақстан мұндай жағдайда бейтарап позиция ұстанғанды жөн көреді. Бұл соғысқа байланысты да АҚШ пен Израильді немесе Иранды жақтап, бір жаққа шығып алу қиын. Астана қақтығысты бейбіт шешу қажет екенін айтып отыр. Бәріміз білетіндей, кейінгі кезде Қазақстанның АҚШ-пен қарым-қатынасы жиілеп келеді. Ел президенті кейінгі жарты жылда мұхиттың арғы бетіне үш мәрте сапар шекті, алғашқылардың бірі болып, Трамптың Бейбітшілік кеңесіне қосылдық. Сондықтан Астананың Вашингтонды айыптай қоятын жөні жоқ. Ал Иранмен Каспий теңізі арқылы шектесіп отырмыз, дипломатиялық байланысымыз жаман емес. Сондықтан Тегеранды да тіке кінәлауға болмайды.
Оның үстіне Иран Орталық Азиямен көршілес жатыр, ол елдегі соғыс біздің аймаққа белгілі мөлшерде әсер етері анық. Ақпанның аяғында Таяу Шығыста соғыс өрті тұтанғаннан бері Қазақстан билігі шұғыл шаралар қабылдап жатыр. Ең алдымен тараптарды бейбіт келісімге шақыра отырып, өз күштік құрылымдарымызды тәуліктік жұмыс кестесіне көшірді. Жауапты министрліктер мен өңір әкімдері Ирандағы жағдайды басты назарда ұстап отыр. Сондай-ақ қақтығыс аймағында қалып кеткен мыңдаған отандасымызды қауіпсіз жолдармен елге жеткізіп алды.
23 наурыз күні Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Біріккен Араб Әмірліктерінің Қазақстандағы елшісі Мұхаммед Саид Мұхаммед әл-Арикиді қабылдады. Кездесу барысында екі ел арасындағы стратегиялық әріптестікті нығайту және халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер талқыланды. Мемлекет басшысы Қазақстан мен Біріккен Араб Әмірліктері арасындағы достық әрі бауырластық байланыстар жоғары деңгейде дамып келе жатқанын атап өтті.
Сондай-ақ бұл кездесудегі басты тақырыптардың бірі Таяу Шығыстағы күрделі ахуал жайлы болды. Қазақстан президенті Иранның Біріккен Араб Әмірліктері аумағын бомбалап жатқанына алаңдаушылық танытып, азаматтық инфрақұрылымға бағытталған шабуылдарды айыптады.
«Қазақстан Таяу Шығыстағы әскери іс-қимылдардың бейтарап мемлекеттерді шарпып жатқанына қарсы. Осы орайда жағдайды ушықтырмай, аталған әскери қақтығысқа қатысы жоқ БАӘ мен Шығанақ елдерінің егемендігін, аумақтық тұтастығын бұзбауға, сондай-ақ шиеленісті саяси-дипломатиялық жолмен реттеуге шақырады. Президент еліміздің қажет болған жағдайда бейбіт келіссөздер өткізу үшін алаң ұсынуға дайын екенін растады», – деп жазды Ақорданың баспасөз қызметі.
Әскери іс-қимылдың бейтарап мемлекеттерге таралуы халықаралық қауіпсіздікке қатер төндірері анық. Сондықтан Қазақстан барлық тарапты жағдайды ушықтырмауға, Парсы шығанағы елдерінің ынтымақтастық кеңесі құрамындағы мемлекеттердің егемендігі мен аумақтық тұтастығын құрметтеуге шақырып отыр. Бұл еліміздің халықаралық аренадағы бейтарап, бейбіт ұстанымын анық көрсетіп отыр. Әскери сарапшы Амангелді Құрметұлы бұл қақтығысқа қатысты Қазақстан бейтарап позиция ұстануы қажет екенін айтады.
«Қазіргі күрделі кезеңде Қазақстан билігі бейтарап ұстанымын сақтап қалуы керек деп есептеймін. Аймақтағы оқиғалардың қалай құбылатынын ешкім болжай алмайды. Иран билігі құлап қалуы мүмкін деген болжам айтылып жатқаны рас, бірақ құламауы да мүмкін. Араб елдерімен де, өзге мемлекеттермен де қарым-қатынасымыз жақсы. Сондықтан бейтарап болып қалуымыз қажет. Қазақстан президенті бірнеше елдің басшысымен сөйлесіп, қолдау білдірді. Осы позициядан әріге бармау керек шығар деп есептеймін. Өйткені бұл аймақтағы кез келген ел Қазақстанның сауда-саттығы үшін аса маңызды.
АҚШ пен Израильдің соққысына ұшыраған Иран біз үшін маңызды бағыт саналады. Әсіресе солтүстік-оңтүстік көлік транзитінде шешуші рөл атқаратын мемлекеттердің бірі. Біздің ел қазір теңізге шығатын жол іздеп жатыр, соның бірі – Пәкістан болса, екіншісі – Иран. Соның ішінде Иран арқылы теңізге шығатын жолды Пәкістан бағытына қарағанда ертерек қолға алып, пысықтап жатырмыз. Кем дегенде құжат жүзінде жұмыс жүріп жатыр. Иранның оңтүстігіндегі порттар арқылы жүк жөнелткіміз келеді. Сондықтан дәл қазір нақты бір жаққа шығып, бір тарапты ақтап-жақтаған дұрыс болмайды», – дейді сарапшы.
Ақордадағы кездесуде БАӘ елшісі Мұхаммед Саид Мұхаммед әл-Арики Қазақстанның халықаралық құқық қағидаттарын берік ұстанатынын жоғары бағалап, Біріккен Ұлттар Ұйымы Жарғысына сәйкес Әмірліктер мен өңір елдерінің егемендігіне, қауіпсіздігіне көрсетілген құрмет үшін ризашылық танытты.
Еламан Өмірхан