"Қазақстан темір жолы" қызметкері есірткі сатумен айналысқаны үшін ұсталды

Павлодар облысында құқық қорғау органдары ұйымдасқан қылмыстық топты әшкереледі.
Тергеу барысында олардың қатарында "Қазақстан темір жолы" ұлттық компаниясының қызметкері бар екені анықталды. Ол сыбайласымен бірге есірткі заттарын заңсыз таратумен айналысқан.
Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, күдіктілердің үйлеріне жүргізілген тінту кезінде 700 грамм есірткі, зергерлік таразылар және қару-жарақ арсеналы табылған. Олардың қатарында электрошокер, пневматикалық тапанша, екі мылтық және оқ-дәрілер болған.
Құқық қорғау органдары ұсталғандарға қатысты Қылмыстық кодекстің есірткі және қару-жарақ айналымына байланысты екі бабы бойынша қылмыстық іс қозғады. Қазіргі уақытта күдіктілер қамауға алынды.
Айта кетейік, 2025 жылдың ақпан айында "Қазақстан темір жолы" компаниясының Жамбыл бөлімшесінде жанармайды көп жылдар бойы ұрлау дерегі әшкереленген болатын.