Қазақстан Трамптың Бейбітшілік кеңесіне жарнасыз мүше болды
Қазақстан Бейбітшілік кеңесіне ешқандай міндетті қаржылық жарнасыз мүше болды. Бұл туралы Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Ерлан Жетібаев мәлімдеді.
Оның айтуынша, Бейбітшілік кеңесіне қосылу Қазақстанның ұлттық мүдделеріне сай келеді және елдің сыртқы саясатындағы диалогты дамыту, халықаралық қауіпсіздікті қолдау және көпжақты ынтымақтастықты нығайту бағыттарына сәйкес келеді.
Жетібаевтың сөзінше, кеңестің жарғысында көрсетілген 1 миллиард доллар көлеміндегі ерікті жарна мүшелікке кірудің міндетті шарты болып саналмайды.
іҚазақстан Бейбітшілік кеңесіне ешқандай қаржылық жарнасыз қосылды. Жарғыда көрсетілген бір миллиард доллар көлеміндегі ерікті жарна мүшелікке кірудің шарты емес. Бұл әр қатысушының өз еркіне байланысты", - деді ол.
Ақпан айында Бейбітшілік кеңесінің алғашқы отырысында АҚШ президенті Дональд Трамп Газа секторында тұрақтылықты қамтамасыз ету және оны қалпына келтіруге бағытталған бірлескен күш-жігерге қатысқан барлық тараптарға алғыс білдірген болатын.
Вашингтонның жоспары бойынша, Бейбітшілік кеңесі стратегиялық бақылауды жүзеге асыруға, халықаралық ресурстарды жұмылдыруға және Газаның бейбіт дамуына бағытталған міндеттемелердің орындалуын бақылауға жауапты болады.