17:47, 10 Қазан 2024
Қазақстан Түрікменстанға экспорттың жалпы көлемін 120 миллион долларға дейін ұлғайтуға дайын - Тоқаев
Қазақстан Президенті Түрікменстан Президентімен кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді.
Қасым-Жомарт Тоқаев бұл сапарын ортақ мақсатқа қол жеткізу, яғни санқырлы мемлекетаралық байланысты мүлдем жаңа деңгейге көтеру жолындағы маңызды қадам деп атады.
Қазақстан мен Түрікменстан ғасырлар бойы жалғасқан достыққа, тату көршілік қарым-қатынасқа және ортақ мәдени, тарихи құндылықтарға арқа сүйей отырып, бауырлас мемлекеттер ретінде берік әрі үйлесімді байланыс құра білді. Біздің осынау ынтымақтастығымыз стратегиялық серіктестік бағытында дамып келеді, – деді Президент.
Президенттің айтуынша, соңғы жылдары сауда-экономикалық ынтымақтастықта айтарлықтай ілгерілеу бар. Сонымен қатар Қазақстан Түрікменстанға экспорттың жалпы көлемін 80 тауар түрі бойынша 120 миллион долларға дейін ұлғайтуға дайын екенін мәлімдеді.