Қазақстан-Венгрия: Орталық сайлау комиссиясы меморандумға қол қойды
2024 жылғы 8-10 маусым аралығында Венгрия Ұлттық сайлау кеңсесінің шақыруымен ҚР Орталық сайлау комиссиясы өкілдері еуропалық Парламент, жергілікті билік органдарының өкілдерін және ұлттық азшылық муниципалитеттерінің мүшелерін сайлауға халықаралық бақылаушы ретінде қатысты.
Бұдан бөлек, Қазақстан мен Венгрияның сайлау органдары арасында өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды. Аталған құжатта тәжірибе алмасу жөніндегі арнайы ережелер де қарастырылған. Соның ішінде дауыс берудің баламалы әдістері, сайлаушыларды ақпараттандыру, мүгедектігі бар адамдардың сайлау құқықтарын қамтамасыз ету, интернетте үгіт жүргізу, сайлау науқандарын қаржыландырудың кейбір аспектілері бойынша онлайн-кеңес беру жағы талқыланды. Әрі Венгрия азаматтары үшін пошта арқылы дауыс беруді өткізу, сайлаушылар тізілімін қалыптастыру, жергілікті сайлау науқандарын ұйымдастыру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар да қарастырылмақ. Кездесуге қатысқан ҚР-ның Венгриядағы төтенше және өкілетті елшісі Жәнібек Әбдірашов: «Осы меморандумға қол қою біздің кәсіби ынтымақтастығымызды одан әрі нығайтады деген сенімдеміз», – деп пікір білдірді.
Венгрияның негізгі заңы 18 жастан асқан барлық Венгрия азаматтарына Ұлттық жиналыс, жергілікті өзін-өзі басқарудың және еуропалық Парламенттің депутаттық сайлауында дауыс беру құқығын береді. Бұл елде дауыс беру процесі дәстүрлі түрде – қағаз бюллетеньдерді қолдану арқылы жүргізіледі. Дауыстарды санау кезінде электронды жүйелер де қолданылмайды. Сайлаудың сипатына байланысты сайлаушылар саяси партияның тізіміне немесе кандидатқа дауыс береді. Мажоритарлық жүйе жағдайындағы сайлау бюллетені сайлау атауынан және толтыру тәртібінен басқа кандидаттардың тегі мен аттарын қамтиды. Алайда егер бұл мәліметтер кандидаттардың біреуінде сәйкес келсе бюллетеньге туған күні сияқты қосымша ақпарат енгізілуі мүмкін. Саяси партиялардың тізімдеріне дауыс беру бюллетенінде олардың толық атауынан басқа олардың ақ-қара түсті логотипі көрсетілуі мүмкін. Венгриядан тыс жерде тұратын, бірақ оның аумағында тұрғылықты жері бойынша тіркелген сайлаушылар Ұлттық жиналыстың, Еуропарламенттің депутаттарын сайлауда және ұлттық референдум өткізу кезінде дипломатиялық өкілдіктің немесе консулдық мекеменің үй-жайында дауыс бере алады. Шетелде тұратын, бірақ Венгрияда тұрақты тұрғылықты жері жоқ сайлаушылар пошта арқылы дауыс береді. Олардың сұранысы бойынша олардың мекенжайына бюллетень салынған конверт келіп түседі, оны толтырғаннан кейін сайлаушы оны өзі немесе консулдық арқылы округтік сайлау комиссиясына береді. Консулдықтар мен дипломатиялық өкілдіктерде дауыс берген адамдардың сайлау бюллетеньдері дауыс беру қорытындылары шығарылатын әрбір бірмандатты округте арнайы құрылған учаскелік сайлау комиссияларына жіберіледі. Сайлаушы дауыс беру кабинасында бюллетень толтырады. Бұл ретте учаскелік комиссия сайлаушыны дауыс беру үшін кабинаны пайдалануға шақырады, бірақ оны мұны істеуге міндеттей алмайды, соның салдарынан дауыс беру үшін кабинадан тыс жерде негізінен егде жастағы азаматтардың дауыс беруі байқалды. Аталмыш елдегі сайлауды ұйымдастыру, өткізудегі әртүрлі аспектілер тәжірибе алмасу барысында талқыланбақ.
ҚР делегациясы ең соңында Венгрия ҰСК өкілдеріне ҚР ОСК бастамасымен жарияланған ағылшын тіліндегі ғылыми басылымдар, атап айтқанда, «Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясына 30 жыл. Қазақстан Республикасының сайлау жүйесін трансформациялау» монографиясы, 2012-2023 жылдар аралығында өткізілген сайлау және референдумдар туралы ақпараттық жинақтар, өткізілген мерейтойлық конференция материалдарының жинағын сыйға тартты.
Балауса Ділдәбек