Қазақстан жаңа Конституцияны таңдап, тарихи шешім қабылдады — Тоқаев
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев республикалық референдум барысында жүргізілген exit-poll нәтижелерімен танысты. Бұл туралы Ақорда хабарлады.
Экзит-пол нәтижелері жарияланғаннан кейін Мемлекет басшысы «Қазмедиа орталығы» студиясында мәлімдеме жасады.
Президенттің айтуынша, бүгін Қазақстан үшін шын мәнінде тарихи оқиға болды.
— Бүгін біз еліміз үшін айрықша тарихи сәттің куәсі болдық. Қазақстан азаматтары референдумға қатысып, конституциялық реформаны қолдады. Олар өз дауыстарын Отанымыздың болашағы үшін берді. Жаңа ғана жарияланған exit-poll нәтижелері Қазақстанның жаңа Конституцияны таңдаған тарихи шешім қабылдағанын сеніммен айтуға мүмкіндік береді. Осылайша халқымыз дауыс беру арқылы Қазақстанның болашақ тағдыры мен даму бағытын айқындады.
Сіздің ерік-жігеріңіз әлем тарихында мәңгі сақталады. Өйткені ол отандастарымызға тән шынайы патриотизмнің символына айналды. Енді 15 наурызды біз жыл сайын Конституция күні ретінде атап өтеміз. Азаматтарымыз елді жаңарту мен жаңғыртуды қолдап дауыс берді. Бұл – бәріміздің ортақ жетістігіміз. Баршаңызды осы маңызды оқиғамен шын жүректен құттықтаймын, — деді Мемлекет басшысы.
Бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазмедиа орталығы» студиясында республикалық референдум аясындағы үгіт-насихат жұмыстарына белсенді қатысқан жастар ұйымдарының өкілдерімен кездескені хабарланған.