Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
08:40, 10 Шілде 2025

Қазақстан–Бразилия: географиялық алшақтық кедергі емес

1
Фото: ашық дереккөз

2024 жылдың шілде айында БРИКС ұйымына мүше және серіктес мемлекеттер басшыларының саммиті аясында Қазақстан Республикасы премьер-министрінің орынбасары – сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Бразилияға ресми сапармен барды.

 

Осы сапар барысында Мұрат Нұртілеу Рио-де-Жанейро қаласында Бразилияның сыртқы істер министрі Мауро Виейрамен кездесті.

Бразилия – елімізге географиялық тұрғыда алыс орналасқанымен, стратегиялық тұрғыда маңызды серіктестеріміздің бірі саналады. Қазақстан Бразилияны Латын Америкасындағы маңызды саяси және экономикалық серіктесі ретінде қарастырып отыр. Қазақстан мен Бразилия арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнағанына 32 жыл болды. Атап айтқанда, екі ел арасындағы дипломатиялық қатынас 1993 жылғы 22 қыркүйекте құрылған.

Жер шалғай болғандықтан, әу баста екі мемлекет арасында дипломатиялық байланыс тығыз болған жоқ, екі елдің өкілдері Біріккен Ұлттар Ұйымы сияқты халықаралық форумдарда ғана кездесетін. 2006 жылдың тамызында Бразилия Астанада елшілік ашты. Ал 2007 жылы Қазақстан президенті Бразилияға ресми сапармен барды. Көп кешікпей, араға екі жыл салып Бразилия президенті Луис Инасиу Лула да Силва Астанаға сапар шекті. 2012 жылдың қазан айында Қазақстан Бразилияда тұрақты елшілігін ашты.

Екі ел арасындағы дипломатиялық қатынас орнағаннан бері Астана мен Бразилия арасында тұрақты саяси диалог қалыптасып, халықаралық алаңдардағы өзара қолдау мен ынтымақтастық арта түсті. Рио-де-Жанейродағы кездесу барысында тараптар саяси, сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастықты талқылады.

Қазақстан тарапы Бразилиямен қарым-қатынасты дамытудың маңыздылығын атап өтіп, жоғары деңгейдегі сапарлар мен тікелей диалогты жандандыру қажеттігін жеткізді. Осы орайда Мұрат Нұртілеу бразилиялық әріптесін Астанаға ресми сапармен келуге шақырды. «Екі ел арасындағы байланыс тұрақты саяси диалог, экономикалық қарым-қатынастың кеңеюі және халықаралық аренадағы тығыз іс-қимылмен ерекшеленеді», – деді ол.

Географиялық қашықтыққа қарамастан, Бразилия Қазақстан үшін Оңтүстік Америкадағы басты сауда серіктес саналады. Осы жолғы кездесуде де қос тарап сауда-экономикалық байланысты нығайту жайлы сөз қозғады. Ресми дерек бойынша 2024 жылы екі ел арасындағы тауар айналым 257 миллион АҚШ долларынан асты. Ал 2025 жылдың алғашқы тоқсанында бұл көрсеткіш 88 пайыз өсіп, 104,2 миллион АҚШ долларына жетті.

Кездесуде ауыл шаруашылығы, өндіріс, көлік және логистика салаларындағы ынтымақтастықты тереңдету қажеттігі атап өтілді. Сондай-ақ Қазақстан тарапы тау-кен өндірісі, атом энергетикасы, тыңайтқыштар өндірісі және авиация салаларында бірлескен жобаларға мүдделілік танытты.

Ал Бразилия министрі негізгі салалардағы бірлескен бастамаларды кеңейтуге ниетті екенін айтты. «Біз ауыл шаруашылығы, өндіріс, көлік және логистика бағыттары бойынша өзара ықпалдастықты тереңдетуге мүдделіміз. Ортақ іс үшін нақты мүмкіндіктерді анықтау аса маңызды», – деді М.Виейра.

Екі елдің сыртқы істер министрлері цифрлық технологиялар, жаңаратын энергия көздері мен инновациялар бағытында да тәжірибе алмасуға дайын екендіктерін білдірді. Бұл салалар қазіргі заманда стратегиялық мәнге ие болып, екі елдің де ұлттық даму басымдықтарымен үндесіп отыр.

Астана мен Бразилия арасындағы байланыс тек екіжақты деңгеймен шектелмейді. Қазақстан мен Бразилия халықаралық ұйымдар шеңберінде де тығыз қарым-қатынаста. БҰҰ және басқа да көпжақты құрылымдар аясында қос мемлекет бірін-бірі үнемі қолдап келеді. Бұл – олардың ұстанымдарының үйлесімділігі мен ортақ құндылықтарға негізделген серіктестігінің дәлелі.

Қазақстан мен Бразилия арасындағы қарым-қатынас стратегиялық әріптестік сипат алып келеді. Бұл байланыс тек екіжақты емес, халықаралық деңгейдегі ынтымақтастықтың да маңызды элементіне айналып отыр. Бұған Астана мен Бразилия арасында саяси диалогтың тереңдеуі, сауда мен инвестицияның өсуі және жаһандық мәселелер бойынша ұстанымдардың үндестігі оң әсер еткені анық.

Рио-де-Жанейро қаласындағы кездесу қорытындысында қос тарап өзара байланысты одан әрі нығайтуға және БРИКС пен басқа да халықаралық алаңдарда бірлескен іс-қимылды кеңейтуге ниетті екенін айтып, тарқасты. Мауро Виейра Мұрат Нұртілеудің Астанаға ресми сапармен келу жөніндегі ұсынысын қашан қабыл алатыны белгісіз.

Қуан Өмірхан

Тегтер: